Омарасхаб Ахмедов сөмке-сөмке қапты Атырау облысына жеткізу үшін тура бір тәулік жүріп келген, деп хабарлайды Newsroom.kz порталы Qaz.365.kz-ке сілтеме жасап
Омарасхаб Қазақстанда су тасып, Ресеймен шекаралас облыста жағалауды нығайту жұмыстарына арналған қаптың жетіспей жатқанын естіген. Ер адам дереу көмекке келем деп шешіпті.
«Түнгі сағат екіде мен досымнан оның қоймасын ашуды өтіндім. Онда қап көп жатты. Оларды жүк газеліне тиеп, Астрахань облысы арқылы Атырауға шықтым. Түні бойы сіздерге қарай жүрдім», - дейді Омарасхаб Ахмедов.
Дағыстан тумасының айтуынша, оның туған жерінде Атырау облысына гуманитарлық көмек жинап жатқан таныстары мен достары көп екен. Олар Омарасхабты өз елінде күтіп отыр.
«Мен бауырлас халықтың осындай қиыншылыққа тап болғанын білгенде, бірден шығу керек деп шештім», – дейді ол.