Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Қазақстанда тұрып, қазақша сөйлемейтіндерді түсінбеймін - Рауан Кенжеханұлы

«Қазақстанда өмір сүретін кез келген азаматтың кемінде 200 сөз білмеуі мүмкін емес» Рауан Кенжеханұлы мәлімдеді

Қазақстанда тұрып, қазақша сөйлемейтіндерді түсінбеймін - Рауан Кенжеханұлы
Фото: Руханият LIVE: Jaqsy Podcast

«Қазақстанда өмір сүретін кез келген азаматтың кемінде 200 сөз білмеуі мүмкін емес» Бұл туралы Руханият LIVE: Jaqsy Podcast подкаст жобасында Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, Ұлттық құрылтай мүшесі Рауан Кенжеханұлы мәлімдеді,-деп хабарлайды Newsroom.kz

Оның айтуынша, елімізде көп адамдардың тілді ұзақ уақыт игермеуі, қазақ тілінде сөйлемеуі эмоциялық тосқауылды еңсере алмауынан деп түсінеді.  
«Қазақстанда тұрып, қазақша сөйлеп кетпеу түсініксіз. Себебі сені қоршаған орта, айнала  түгел екі тілде жазылып, аударылып, дайын тұр. Радионы қоссаң да, қазақша-орысша сөйлеп тұр, телеарнаны қоссаң да, қазақша-орысша жазуы бар. Қазақстанда өмір сүретін кез келген азаматтың осында мектеп бітіріп, кемінде 200 сөз білмеуі мүмкін емес. Бірақ соны айналымға енгізу, ең қарапайым амандасу-қоштасу, бірдеңе сұрау деген сияқты дүниелерге қолдана бастауға кейде адамдар құлықсыз. Осы тілге деген дұрыс ниет пайда болса, әрі қарай сөйлеп кету жеңілдейді, -дейді спикер.

Спикердің сөзінше, қазір тіл саясатына қатысты ведомствоның жылдық бюджеті миллиард теңгеден аспайды. Еліміздің 20 өңірінің тек бесеуінде тілмен айналысатын бөлек басқармалар бар, қалғандарында тілмен айналысатын – басқа басқармалар құрамындағы бөлімдер. Олардың әрқайсысының жанында тіл оқытатын орталықтар бар. Сондағы мамандардың жалақысы, ұстап тұруға кететін шығынды қоса есептегенде, бүкіл аймақта бөлінетіні тағы да бір миллиард теңгеден аспайды.

«Сонда әрі кетсе бір жылда мемлекет тарапынан жұмсалатын қаражаттың көлемі 2 миллиард теңгеге жетпейді. Ол аз ба, көп пе? Бір қарағанда, 2 миллиард деп айту көп болып көрінуі мүмкін. Бірақ салыстыру үшін,  бір мектептің салыну құны – қазір 10 миллиард, 1 шақырым жол салуға жарты миллиард теңге кетеді. Бейнелеп айтсақ,  бір жылда тіл мәселесіне кететін қаражат – 4 шақырым жолдың ақшасы»,-дейді ол.