Алматыда 14 жасар жасөспірімді төрт күннен бері іздестіріп жатыр,- деп хабарлайды newsroom.kz порталы қалалық полиция департаментіне сілтеме жасап.
Жасөспірімді іздестіру жұмыстарына полицейлер мен еріктілер қосылды. Жоғалған 14 жастағы жасөспірім туралы ақпарат Instagram-дағы LIDER.KZ парақшасында жарияланды. Ол 13 наурызда Алматының Жетісу ауданындағы үйінен шығып кеткен.
Үстінде қара күрте мен шалбар, ақ-қара кроссовка болған. Белгілері: бойы 150 см, дене бітімі арық, шашы қысқа, сары, көзінің түсі ашық қоңыр. Қалалық полиция департаментінің өкілдері оқиғаға қатысты пікір білдірді.
"Осы факт бойынша Жетісу аудандық ішкі істер бөлімі жедел іздестіру ісін қозғады. Іздестіру жұмыстарына аудандық бөлімшенің жедел бөлімінің, жергілікті полиция қызметінің, ювеналды полицияның қызметкерлері, сондай-ақ еріктілер жұмылдырылды. Кәмелетке толмаған бала баруы мүмкін деген жерлер тексеріліп жатыр. Бір болжам бойынша, жасөспірімді Алматы маңындағы базарлардың бірінен көргендер бар", - делінген хабарламада.