Қазаққа керек кәсіп омарташылық туралы не білесіз?

Омарташылық бизнес бір отбасын асырайды

Коллаж: Newsroom.kz

Омарташылық бизнес - ауыл шаруашылығының маңызды саласы. Бал аралардың тіршілігі ерте көктемнен басталады. Наурыз айында қысқы ұйқыдан оянған араларды баптау кезеңі басталады,-деп хабарлайды Newsroom.kz

Омарташылар жәшіктерін дайындап, жәндіктерді қоректендіру жұмыстарымен айналысып жатыр. Өйткені табиғаттан нәр жинау арқылы нәпақасын табатын жандар үшін көктемнің әр күні құнды. Әрі омарта шаруашылығының жеке кәсіпкерге берер пайдасы мол.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл шаруашылығын дамыту жөніндегі реформалары еліміздегі омарташылықты ілгерілетуге бағытталған. Мемлекет басшысы елдегі бал шаруашылығын дамытуға ден қойып, омарташылық кәсіпті өркендету үшін бірқатар кешенді іс-шаралар атқаруда.

Сондай-ақ, омарташылық бизнес бір отбасын асырайды екен.
 Жамбыл облысы, Қордай ауданының тұрғыны Жанат Көрпебаев жиырма жылдан бері омарташылықпен айналысады. Ара бағып бал алып, берекелі істің бабын тапқан кәсіпкер. Араларға арналған ұяшықты өзі жетілдіріп алған жаңа технологиямен жасайды.


- «Қазір араларға арналған ұяшықтарды өзім жасаймын. Менің қолымнан шыққан ұяшықтар таза ағаштан, корпустық негізде құралады. Мұндай ұя араларды қоректендіруге, дәрілеуге, балын алуға ыңғайлы етіп құрастырылады. Сосын омарташыға да қолдануға қолайлы, биіктігін есептеп жасағандықтан адам көп еңкеймей, белін ауыртпай өз жұмысын атқара береді. Негізі бұл кәсіппен менің атам айналысқан. Өзім жасөспірім кезден көріп, зерттеп жүріп үйрендім. Негізі омарташылықты жолдастарымның көбі қолға алған еді. Оңай жұмыс болмағандықтан бұл бизнесті көпшілігі тастап кетті. Бейнеті мол сала десек артық айтқандық емес. Ауа райына қараймыз, араның жағдайына қарай жазда жайлау жағалап, қонатын гүлді іздеп көшіп-қонып жүреміз. Маусымдық жұмыс деп саналғанмен, бұл шаруа жыл бойы тоқтамайды, қыста көктемге дайындаламыз, көктемде жаз маусымына қарай әрекет етеміз. Аралардың денсаулығына үлкен мән береміз», - дейді омарташы.

Кәсіпкердің айтуынша, бал арасын өcipiп-бaптaп, бaлын aлcaң, тәуір тaбыcқa кeнeлyгe бoлaды.

-«Мол байлыққа батып қалмасаң да бір отбасыны толыққанды қамтамасыз етуге мүмкіндік бар. Оның үстіне қазір баяғыдай емес, Үкімет тарапынан берілетін қолдаулар баршылық. Асыл тұқымды әрбір бал арасы үшін (ара отбасына) 5 мың теңге көлемінде қаражат беріледі. Арнайы талаптар бойынша құжаттар тапсырып, судсидияларға қол жеткізуге және қайтарымсыз бес миллион теңгені де алуға мүмкіндік мол. Былтыр ашылған «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы омарта ашуға жеңілдетілген несие берілуде. Жалпы алғанда Үкімет тарапынан беріліп жатқан қолдауды дұрыс пайдалана білсек омарташылық кәсіпті отбасылық бизнес ретінде өркендетуге болады» - деп кәсіпкер өз көрген-білгендерімен бөлісті.    

Айта кетейік ,бал араларын баптауға білім керек.  Зерттеуші ғалымдардың пайымдауынша, елімізде бал өндіру шаруашылығы біртіндеп дамып келеді. Омарташылықтың озып кетуіне кедергі болып отырған жайттардың бар екендігін де жасырмады. Саладағы өзекті мәселенің бірі - сырттан тасымалданатын ара тұқымдарына қатаң бақылау орнату. Қазақ Ұлттық Аграрлық Зерттеу Университеті Зооинженерия кафедрасының қауымдастырылған профессоры Ұлжан Нұрәлиеваның пікірінше, қазіргі басты мәселе – араларды түрлі дерттен сақтау.

- «Сапалы өнім алу үшін жәндіктерге де күтім керек. Бал аралардың арасындағы жұқпалы аурулардың алдын алу, емдеу, ветеринариялық-санитарлық іс-шараларды ұйымдастыру тақырыбында ғылыми-зерттеу жобаларымыз бар. Ерте көктемде бактериялық аурулар басталады, мысалы нозематозға шалдықса аралардың іші өтеді. Одан кейінгі кең таралған қауіпті ауру ол – варроатоз, яғни араларға кене түседі. Міне, осындай жұқпалы дерттердің алдын алу бойынша үлкен жоба жасап Үкіметке ұсындық. Мұның өз себебі бар. Қазақстанға көбінесе ара пакеттері Өзбекстаннан тасымалданады, келген кезде дұрыс тексерістен өтпеуіне байланысты кейде жұқпалы аурулар тарап жатады. Неге Өзбекстаннан аламыз десек, ол жақта көктем ерте шығатындықтан бал аралары ерте дамып-жетіледі. Сол үшін де өзбек арасының тұқымдарын сатып алған біздің кәсіпкерлерге тиімді болып тұр. Дегенмен бізге өз араларымызды өсіруді мықтап қолға алған жөн. Түркістан облысындағы Абай, Сарыағаш секілді жылы аудандарда өсірсек, оны Шығыс Қазақстан, Алматы облысы сынды өзге өңірлер сатып алады. Сонда ғана өз ақшамыз өзімізде қалады. Осындай келелі ұсыныстарымызды жақында ғана Алматыда өткен омарташылар форумында да талқыладық. Халықаралық жиынға 5 мемлекеттің, атап айтқанда Польша, Эстония, Қырғызстан, Россия және Қазақстан елдерінің өкілдері қатысып, омарташылық саласындағы озық тәжірибелермен алмасты. Жойылу алдында тұрған аралардың, жабайы тозаңдандырғыштардың тіршілік ету ортасын сақтаудың жай-күйі сөз болды. Ара шаруашылығындағы басты проблемалар әлі де анықталады және оларды шешу жолдарын біз ғалымдар, зерттеушілер омарташылармен бірлесіп қарастырудамыз» - деп ой түйіндеді профессор.

Отандық омарташылар әлемдік нарыққа шығуға ниетті 

Бүгінде отандық омарташылар бал өнімдерін Қытай, Польша, Эстония, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан сынды 5-6 ғана елге экспорттап жатыр. Қазақстанда органикалық бал өнімдерін өндіруге техникалық құжаттар әзірленген. Дегенмен экспорттық әлеуетіміз әлі де қауқарсыз. Өйткені өнімдерді сыртқа сату үшін органикалық балдың сапасын анықтап, халықаралық стандартқа сай сертификат алу қажет. Көптеген елдер бал өнімдерін сатып аларда осы құжатты талап етеді. Ауыл шаруашылығы министрлігі цифрлық технологияларға негізделген инновациялық диагностиканы қолдана отырып, органикалық ара шаруашылығы өнімдерінің табиғилығы мен сапасын анықтау әдістерін әзірлейтінін мәлімдеген еді. Қазір осы тұрғыда нақты іс-шаралар қолға алынды. Қарапайым тілмен айтсақ, органикалық өнім деген талапқа сай болуы үшін бал ара экологиялық таза жерде қоректенді деген серитификат аздық етеді. Себебі араларды жұқпалы аурулардан сақтау үшін оларға антибиотиктер егеді. Бұл дүние жүзінде бар тәжірибе. Бізге бал құрамындағы антибиотиктердің адам ағзасына қауіпсіз екендігін дәлелдейтін заманауи зертхана қажет. Осы мәселелерге егер мемлекет тарапынан қолдау болса, экспорт көлемін 5-6  млн тоннаға дейін немесе одан да көбірек арттыруға болады деп санайды сала мамандары. 

Бал – халық денсаулығын нығайтатын өнім

Ара балының мың дертке дауа екендігі ғылыми тұрғыда дәлелденген. Қазақ балды «жанға – қуат, дертке – дауа» деп онымен барлық ауруды емдеуге болатынын баяғыдан айтады. Табиғаттан нәр алған бұл ерекше өнім адам ағзасын түрлі дәрумендермен, минералдармен, ақуызбен, маңызды ферменттермен байытып, иммунитетті көтереді. Адамға қуат сыйлайтын қасиеті тағы бар. 1 келі бал адамға 3250 кал. энергия береді екен. Асқазан, ішек, бауыр, бүйрек, жүрек, өкпе, тыныс алу жолдарының ауруларына, суық тигенде балдың көмегі зор. Қазіргі жасанды интеллект, сандық технологиялар заманында кез келген өндіріске ізденістер қажет екені белгілі. Ара шаруашылығы да бір орнында тоқтап тұрған жоқ. 
 

Ізденімпаз омарташылар балдан нешетүрлі емдік дәрілер жасап шығарып жатыр. Атап айтсақ, прополис, ара уы, гүл тозаңы және емдік әсері жоғары сүт алынады. Бал араларының тіршілік әрекетінің өнімдерінен көптеген дәрілік препараттар мен косметикалық заттар дайындалатыны көпшілікке мәлім. Шығыс Қазақстанда Алтай жерінде табиғи балдан емдік сусындар өндірсе, Алматы облысының омарташылары суық тигенде қолданатын тұнба жасап шығарды. 

Атап айтсақ, Алматы облысында тұратын кәсіпкер Анна Молжігітова суық тию мен қабынудан сақтайтын бал бальзамын өндіріп жатыр. Осындай ізденімпаз омарташылар саны жылдан жылға артып келеді. Мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанда қазір 12 мыңға жуық омарташы бар. Олардың 90 пайызы жеке отбасылық кәсіп ретінде тіркелген. Бал ара баптау жағынан әрине Шығыс Қазақстан алда тұр, оларға отандық бал шаруашылығынң 70 пайызы тиесілі. 

Қазақ Ұлттық Аграрлық Зерттеу Университенінің мәліметтеріне сүйенсек, соңғы жылдары омарташылық Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстарында да қанатын кеңге жайып келеді. Бал өндірісінде жүргендердің барлығы еңбекқор азаматтар. Себебі бұл іс жалқаулықты жаратпайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Еңбекқорлық біздің негізгі құндылығымыз болуы қажет. Оны ұлт сипатын айқындайтын асыл қасиетке айналдыруға тиіспіз» деп адал еңбектің басты құндылық екеніне ерекше назар аударғанын көпшілік біледі және Қазақстан халқы сол жолмен жүріп келе жатыр.

                                             Автор: Меруерт Райым

 

 

 

Жүктелуде...