Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
6 наурыз, 2024 / Динара Сембаева / Әлем

Ұлыбритания: шеруге шыққанда бетперде тағуға тыйым салыпты

Заңға сәйкес ендігі жерде көшеге шыққан шерушілерге бетперде тағуға тыйым салынады

Ұлыбритания: шеруге шыққанда бетперде тағуға тыйым салыпты
Фото: pixabay.kz

Ұлыбританияда Парламент депутаттары бірнеше айдан бері «Қылмыстық сот төрелігі» туралы (Criminal Justice Bill) заң жобасын талқылап жатыр. Құжатта наразылық шерулері мен митингтерге қатысты бірнеше өзгеріс бар,-деп хабарлайды Newsroom.kz порталы Елдос Жумагулов есімді азаматтың Facebook парақшасына сілтеме жасап.

Мысалы, заңға сәйкес ендігі жерде көшеге шыққан шерушілерге бетперде тағуға тыйым салынады. Бұған бағынбағандар бір айға түрмеге қамалып, 1000 фунт көлемінде айыппұл төлеуге тиіс. Сондай-ақ полиция қызметкерлеріне маска таққан шерушілерді тұтқындауға құзырет берілмек. 

Заңдағы тағы бір өзгеріс – қоғамдық тыныштықты бұзған тұлғалар наразылық білдіру құқығын пайдалана алмайды. Британия үкіметінің мұндай қадамға баруы кейінгі кезде шерушілердің көшелерді жауып, қоғам мүлкіне зиян келтіруімен байланысты. Сарапшылардың айтуынша, бұл 2022 жылы BLM қозғалысын жақтаушылардың құл саудалады деген желеумен Эдвард Колстеннің ескеркішін құлатуына тікелей қатысты. Сол кезде ескерткішті құлатқан төрт жігітті сот ақтап шығарған болатын. 

Сонымен қатар пиротехника, фейрверк және басқа да осы текстес құрылғыларды шеру не митинг кезінде пайдалануға тыйым салынады. Заң қабылданса, наразылық акциясы кезінде пиротехника қолданғандар 1000 фунт айыппұл төлейді. Шерушілерге танымал тұлғалар мен соғысқа арналған ескерткіштердің үстіне өрмелеуге де тыйым салынып отыр. Бұл ережеге бағынбағандар үш айын түрмеде өткізеді және мың фунт-стерлинг айыппұл арқалайды. 

Кейінгі кезде Англия мен Уэльсте Израиль-Палестина қақтығысына байланысты шеруге шыққандар қоғамдық тәртіпке кедергі келтіріп, көшелерді жауып, пиротехника қолданып, ескерткіштерге өрмелеуі көбейді. Мысалы, өткен жылғы қазан айынан бері мыңға жуық митинг өтсе, қоғамдық тәртіпті бұзған 600-дей шеруші тұтқынға алыныпты. 

Құжатты Ұлыбритания премьер-министрі Риши Сунак қолдап отыр. Ол халыққа жариялаған видеоүндеуінде «наразылық білдіру құқығын асыра пайдаланатындар Британияның қоғамдық қауіпсіздігіне нұқсан келтіріп, демократиялық құндылығын аяққа таптайды» деп мәлімдеді. Сондай-ақ заң жобасын елдің Ішкі істер министрі Дж.Клеверли, Қоғамдық тәртіп мәселелері жөніндегі ұлттық полиция басшылары кеңесінің төрағасы Б.Харрингтон қолдап отыр. 

Демократияның атасы саналатын батыс елдеріне, әсіресе Ұлыбританияда бейбіт митингтерге қатысты осындай бастама көтеруі біраз ойға жетелейді. 2020 жылы Мемлекет басшының бастамасымен «Қазақстан Республикасындағы бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» Заң қабылданған болатын. Осы Заң бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізуді біршама жеңілдеткен болатын. Бірақ та, митингілерді өткізу бойынша да біршама саяси мәдениет деңгейінің болуы қажет. Саяси медениеттің қалыптасуы митингілерді бейбіт сипатта ұйымдастыра алу үшін маңызды. Яғни, заңның мәні – шеруге шықсаң да, басқаға зияныңды тигізбе.

Кейінгі жылдары біздің елде де митинг, шеру кезінде қоғамдық тәртіптің бұзылуы байқалады. Мәселен, Маңғыстау жақта жиі болатын мұнайшылар наразылығы білдей компаниялардың жұмысына кедергі келтіре бастады. Салдарынан жұмыс тоқтап, кәсіпорын миллиондаған шығынға батады. Жақында Westoil деген компания жұмысшыларымыз 2,5 ай шерулетіп, 1 млрд теңге шығын көрдік деп мәлімдеді. 

Бізге де жоғарыдағы сияқты кейбір жайттарда шеруді шектейтін заң керек-ау. Неге? Егер Маңғыстауда себепсіз, негізсіз көшеге шыға берсе, салдары қиын болатын секілді. 

Біріншіден, облысқа инвестиция тарту қиындайды. Өйткені жиі наразылық жасайтын жерге кім капитал құйып, зауыт ашқысы келеді?! 

Екіншіден, компаниялар жергілікті тұрғындарды емес, басқа облыстардан ережеге бағынатын жұмысшы әкелуге тырысады. Содан бұл аймақта жұмыссыздар саны артады. 

Үшіншіден, банкрот компаниялардың саны артады. Бұл өңірге де, елге де тиімсіз. Себебі жұмысшылары күнде митингте жүрсе, жұмысты кім істейді? Содан компания шығынға батады. Шығындағы компания бюджетке салықты қалай төлесін? Яғни, ретсіз, негізсіз шеруден бәрі зиян шегеді. Ендеше демократияның отаны саналатын батыс елдері митинг пен шеруді реттеуге талпынып жатқанда біздің елде де осындай құжатты қолға алған жөн шығар. 

Бірақ, митингіні шектеу – демократияны шектеуге айналмауы тиіс. Демократияның негізі – жауапкершілік. Митингілер охлократияға – тобырдың билік ету құралына айналмауы керек. Митинг – қоғамдағы оқиғаларға, проблемаларға реакция білдіру құралы. Ол тек қатаң түрде заң аясында болғаны дұрыс.