Алматы облысында Сорбұлақтың балығын саудалағандар құрықталды,- деп хабарлайды newsroom.kz порталы КТК-ға сілтеме жассп.
Браконьерлер Алматының кәріз қалдығы жиналатын жасанды көлдегі өнімді тонналап аулап, елдің әр өңіріне жөнелтіп келген.
Құрамында 11 мүшесі бар қылмыстық топ арнайы жасақ күшімен ұсталды. Олардан тіркелмеген қару-жарақ, оқ-дәрілер және балық аулауға арналған заңсыз құрылғылар тәркіленді.
Браконьерлерді ұстаған кезде ауланған балықтың көлемі 3 тоннадан асқан. Мұның өзі 17 миллион теңгеге бағаланды. Бұған дейін лас көлден ауланған қанша тонна балықтың базарға кеткені белгісіз. Оны енді тергеу анықтайды.
Әзірге анығы, балық елдің түкпір-түкпіріне жіберілген. Қылмыстық топтың бірнеше мүшесі қамауға алынды. Алматының кір-қоңын жоғарыдан төмен қарай шайып өтетін ағын су Сорбұлаққа жиналады. Санитарлық аумаққа кіретін көлдегі балықты пайдалану адам денсаулығына зиян.