Тозған топырақты да жазды: Ә.Тамабек есеп беру постын жариялады

Кабинетінде Ә.Бөкейханның суреті тұратын вице-министр қызметтен кетіп, халыққа өзінің Facebook парақшасында есеп берді

Фото: Ә.Тамабек Facebook парақшасынан

Әрине ұзақ уақыт емес, бірақ 2 жылға жуық уақыт зу ете қалды. Осы қысқа уақыт ішінде 10 жылға татитын тәжірибе жинақтадым десем қатты айтпаған болар едім. Күніне 14-15 сағаттық жұмыс графигімен Қазақстанның барлық өңірін аралап, шаруалардың жағдайымен танысқанын жазды Facebook парақшасында Әбілхайыр Тамабек,-деп хабарлайды Newsroom.kz

"Жасанды жиналыстар емес, өңір-өңірде, проблемалар болған орындарда уақытылы табылып, нақты кездесулер өткіздім. Шаруаның уәжіне құлақ түріп, барынша тезірек шешуге тырыстым. Соның арқасында елдің түпкір-түпкірінен шаруалар арасынан көптеген дос, аға-бауыр таптым.

Келді-кетті деген болмасын, кішігірім есеп беріп қояйын. Шама жеткенше ашықтық принципімен, табандылықпен өз құзіретімізге кіретін бағыттарда біраз дүниелерді атқардық. 

• ЖЫЛЫЖАЙ. Соңғы жылдары 250 гектарға жуық жылыжай орны жабылған. Ол дегеніміз – 400-ден аса жылыжай, мыңдаған адамдардың тағдыры. Негізгі себеп -электр және жылу энергияларына кететін шығынның көптігі, ал оған мемлекеттік қолдаудың болмауы. Жылыжайшылар үшін  шығынның бір бөлігін өтеу үшін гектарлық субсидиялау енгізіліп, жыл соңынан бастап шаруалар субсидияларын алып жатыр. 

• МАҚТА. Былтыр мақтаның бағасы болмай біраз дау туындағаны естеріңізде шығар. Ол, әрине, Ливерпуль биржасындағы бағаға тәуелді. Сонда мәселе енді туындағанда тез шешілу үшін  мақташыларға өнімдерін зауыттарға өткізгендегі субсиядиялау механизмін әкімдік құзыретіне беріп қойдық. Дау туындады - әкімдік қолдағы мүмкіндікті пайдаланды. Мәселе шешілді. 

• ЖЕР ҚАЙТАРУ. Былтыр жыл басынан бері 10 миллион гектар жер қайтарылды. Оның ішінде игерілмей жатқаны бар, заңсыз алынғандары бар. Бұл нәтижеге жету үшін ондаған нормативтік құқықтық актілерді қабылдау, тексерісті мораторийден алып тастау, сотқа талап-арыздар беру сияқты көптеген көзге көріне бермейтін жұмыстар жатыр.

• ЖЕРДІ ӘДІЛ БӨЛУ. Осы уақытқа дейін бірнеше рет айтқанмын. Жер әділ бөлінбей 100 миллион гектар жер қайтарсаң да оның қайта тура сол адамдардың қолына өтуі түкке де тұрмайды. Сол үшін жер беру конкурсын екі кезеңге бөлу туралы шешім қабылдадық. Бірінші кезеңде осы уақытқа дейін жер алмаған, жаңадан кәсіп бастасам дейтін азаматтар арасында конкурс жүргізіледі. Бұл кезеңге жүріп тұрған шаруашылықтар, жері бар азаматтар қатыса алмайды. Егер де бұл кезеңде ешкім қатыспаса, жер учаскесі келесі кезеңге шығарылады. Аталған ереже жақын уақытта бекітіледі.

• ШЕКТІ МӨЛШЕР. Қанша қиын болғанына қарамастан, латифундистар Парламент төрінде қанша қыспаққа алғанымен, бір тұлғаға берілетін жердің ең жоғарғы шекті мөлшерін белгіледік. Жеке тұлғалар үшін - 35 мың, заңды тұлғалар үшін - 51 мың гектар. Бұрынғыдай жүз мыңдаған, алды миллиондаған гектарға дейін баратын жерді ешкім иемдене алмайды. Кейбір азаматтардың «өкпесі» қысылып, қалай соқтығарын білмей жүрген себебінің бірі де осы. 

• ЖАЙЫЛЫМ ТАПШЫЛЫҒЫ. Жұмыс істемей тұрған «Жайылым туралы» заңды да қайта қарастырып, елді мекен тұрғындарын жайылым жермен қамтамасыз ету мақсатымен біршама өзгерістер жасадық. Мәжілістің екі оқылымынан өтіп, Сенат қарауында жатыр. Бұйырса осы айда екі оқылымға бірден шығарылып, қабылданады деп сенемін.

• ТОЗҒАН ТОПЫРАҚ. 90 миллион гектар тозған жерлер өте үлкен мәселе. Болашақ ұрпаққа аманатты дұрыстап тапсыру үшін «Жерлерге қарап-зерттеу жұмыстарын жүргізу мемлекеттік институты» Республикалық мемлекеттік кәсіпорнын құрдық. Оған Министрліккек қарасты агрохимиялық қызмет, гидро-геологиялық мелиоративті экспедицияларды біріктіру жоспарын жасадық. Биыл бір облыстан пилоттық жобада жер иелеріне жер туралы алғашқы мәліметтерін беріп, жерге жаны ашымайтын азаматтардан жерді қайтарып алу туралы шешім қабылдадық. Бұл жұмыстың келешек үшін пайдасы орасан болатынын сенімім мол.

• ЖАНАР ЖАҒАРМАЙ. Осы жанар-жағармайдың дұрыс бөлінбеуінен де талай азаматтар істі болып, қазір қамауда жатыр. Шаруаның да, мемлекеттік қызметшінің де басын бәйгеге тікпес үшін барлық процедураларды цифрландырып, электронды платформа әзірледік. Жарты жылдан бері жүйелі жұмыс жасап келеді. 

Бұл атқарған жұмыстардың БІР БӨЛІГІ ғана. 

Қысқа уақыт ішінде 7 заң жобасын Парламенттен өткізіп, 100-ден аса нормативтік құқықтық актілердің қабылдануына тікелей атсалыстым. Осындай науқандық емес, ұзақ  перспективаға біраз мәселелер оң шешімін тапты. Осы атқарылған жұмыстардың әрқайсында көптеген кедергілер, жекелеген адамдардың мүддесі тұрды. Айғайластық, дауластық, ренжістік, қысым көрдік, бірақ біраз шаруаларды аяғына дейін жеткіздік. Өтірік айтсам әріптестерім куә, қаншама адамдардың «ыңғайына арнайы дайындалған» заңдық нормаларды қырқысып жүріп өткізбедім. Әр істі атқарғанда көпшіліктің, халықтың, мемлекеттің мүддесін жоғары қойдым.  Халыққа, БАҚ-қа қолдан келгенше ашық болдым. Ешқандай жерде басымды алып қашып, бұғып қалған емеспін. Әрине, ауыл шаруашылығы деген қиын да, машақаты көп салада әлі де атқарылатын жұмыстар шаш етектен.  Қолдау көрсетіп, иық тіресіп бірге жұмыс атқарған ШАРУА деген ұлы қауым мен мемлекеттік қызметте жүрген әріптестерге алғыстан басқа айтарым жоқ.

Қашанға дейін мүмкіндік берілсе, сол уақытқа дейін ел игілігі үшін аянбай қызмет ете беремін,-деді қызметтен кеткен вице-министр Ә.Тамабек 

Жүктелуде...