Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Түркістан полиция жаңа қызмет орталығының ашылу салтанаты өтті

ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Түркістан облысы полициясының «қызмет орталығын» ашты

Түркістан полиция жаңа қызмет орталығының ашылу салтанаты өтті
Фото: Түркістан ПД

Түркістан қаласына жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары Еркін Ботақанов Түркістан облысының полиция департаментінде болып, облыс әкімі Дархан Сатыбалдымен бірге  «қызмет орталығының»  ашылу салтанатына қатысты,-деп хабарлайды Newsroom.kz

Түркістан облысы ПД бастығы Мұрат Қабденов екі қабаттан тұратын  ғимаратты толығымен таныстырып шықты: «Сервистік орталық аптасына 5 күн, таңғы 9:00-ден кешкі 19:00-ге дейін қызмет көрсетеді. Мұнда анықтама бөлімі, күту залы мен полицияның қызмет көрсету орындары бар. Күту залында отырып келушілер теледидар қарауына, газет журнал оқуына және ыстық кофе, сусын ішуіне мүмкіндік бар. 

Сондай-ақ, бейнебақылау камераларымен, интернетпен, заманауи құрал-жабдықтармен және кеңсе жиһаздарымен жабдықталған. Орталық тұрғындарға түрлі бағытта қызмет көрсетіп, халықтың полицияға қатысты сұрақтары жедел қаралатын болады», - деп атап өтті генерал. 

Бір мезетте 50 адамға қызмет көрсете алатын орталықта мүмкіндігі шектеулі жандар мен егде жастағыларғада жағдай жасалған. Мәселен, олар екінші қабаттағы мамандарға көтерілмей, бірінші қабаттағы арнайы бөлмеден бірден қызметін алуына болады.

 Онда 10-нан астам полиция қызметкері, яғни көші-қон, әкімшілік, жергілікті полиция салалары мен басқа да мамандар қызметтерді ұйымдастырумен қатар кеңестер де береді. Атап айтқанда, әкімшілік айыппұлдарды төлеу, тексерту мен әйелдердің құқықтарын зорлық-зомбылықтан қорғау  және т.б. 

Орталықтың материалдық-техникалық қамтамасыз етілуімен танысып, қызметтік бөлмелерді қарап шыққан Еркін Ботақанов өзінің оң бағасын беріп,  мұндай орталық ашудың  мақсаты – полицияның қызметін халыққа дер кезінде сапалы беру, қоғамдағы  ашық диалог пен кері байланыс, азаматтардың сұраныстарына жедел жауап беру, облыс тұрғындары мен қонақтарына сауатты консультациялық көмек көрсету үшін маңызды екендігін атап айтты.

Шара соңында генерал-лейтенант Еркін Советбекұлы  облыстық Полиция департаментінің және Жедел басқару орталығының ғимараттарын аралап, кезекші бөлім, қызметтік кабинеттер, спорт зал, тир, мәжіліс залы және ахуалдық орталықпен танысты,- деді Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі.