Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Қазақ дипломаты қырылған аққулардан кешірім сұрады

Мұхтар Кәрібай аққуларға баллада арнапты

Қазақ дипломаты қырылған аққулардан кешірім сұрады
Коллаж: newsroom.kz

Өткен айдың соңында еліміз үшін қаралы оқиғалардың бірі болды. Қазақ үшін қасиетті саналатын, киесімен махаббатың символына айналған аққулар - Маңғыстау облысы Қаракөл көлінде жаппай қырылды,- деп хабарлайды newsroom.kz.

inform.kz басылымына сүйенсек, аққулардың өлексесі арнайы аппаратпен өртеліп, жойылған. Осы күнге дейін 1110 аққу табылған. Осы орайда қаламымен қалың оқырманына танылған – белгілі қазақ дипломаты, публицист Мұхтар Кәрібай аққуларға баллада арнады. 
newsroom.kz порталының редакциясы Мұқағалилардың ізімен аққуларға баллада арнаған Мұхтардың туындысын оқырманға сол күйінде жеткізуді жөн көрді. 

КЕШІРІҢДЕР, АҚҚУЛАР!

Қанатыңмен жебелеп боз даламды
Қиқуың үміт отын маздатады
Аққулар айдынына келіп қонған
Сен едің шаттықпенен жазбақ әнім!

Сен едің арманымды аялаған
Қадірің жұртқа мәлім баяғыдан
Кетпеші бізге өкпелеп басқа жаққа
Аққулар мекенімді саялаған

Сен келсең далам әнге салатындай
Ырыс пен берекеге толатындай
Көзімді ашқанымнан білетінім –
Қазақ пен аққу бірге жаратылған

Қазақ пен аққу тұтас жаратылған
Айнымас періштемсің дара тұрған
Кеудеме ұялаған алтын тұмар
Зобалаң, нәубеттерден сақтап тұрған

Өзегі де өзіңсің өлең жырдың
Ғашықтарды сезімге бөлендірдің
Мәңгілік махаббаттың туын тіккен
Жыры едің Жібек пен Төлегеннің

Аққудың сертке берік екендігін
Жұптарын жазбай ғұмыр кешетінін
Димаш та жаһан жұртқа айтпады ма
Бабадан жеткен бізге өсиетін

Оятпа деп «ұйқтаған аққуларын»
Мұқағали жазбап па еді гәкку әнін
«Жаны сұлу, ақ ерке, ары сұлу,
Тараған тұмсығымен қауырсынын»

Амалы жоқ бір Ана қайғы басқан
Кезенді суық қару ойланбастан
Шошынып сонда аққулар кетті ұшып
«Жетім көлге» оралмай қайрылмастан

Ол кезде жалғыз аққу құрбан еді,
Айнала құсқа толы орман еді
Алайда нәзік жаны жараланып,
Аққудың селт етіп бір тұрған кезі

Өтіпті талай заман одан бері
Өзгермей ақуулардың айдын көлі
Антына адамнан да берік құсым
Қазаңнан тағы міне қайғы жедім

Қатарыңды бұзбастан көкте самғай
Жат жұртты артқа тастап талай-талай
Оралып ең құт мекен Қаракөлге
Қасиетіңді ұқпадық сорлы маңдай

Бұл заман ашкөз заман кеткен кері
Ішіп-жеу, дарақылық жеткен жері
Асты-үстін тонап болып туған жердің
Тұнығын ылайлаған өзен-көлін

Сағынып сен қонғанда айдыныңа
Тұзағын қарсы алдыңнан жайды мына
Тұп-тұнық кәусар суға зәрін төгіп
Аққуым, адам себеп ажалыңа

Тастап ең жетім етіп «Жетім көлді»
Жұтсам да қайғы уын дертім көнді  
Аманат, енді саған, ей Болашақ
Аққулар, кешіріңдер, соңғы жолы!!!

Сыртта жүрген дипломат ел ішіндегі аққуларға осынша алаңдап, білдей бір баллада арнағанда Экология министрі мен облыс басшылығы бұл мәселені бей-жай қалдырмайды деп сенеміз. 

Біздің басылым енді бұл балладаны министр мен әкімнің оқығаны-оқымағаны жайлы Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында дүниеге келіп, халық пен БАҚ өкілдерінің үнін жеткізетін қосымшаға айналған e-otinish.kz арқылы сұрайтын болады.