Ақтөбе облысында ақтүтек боранда нан бағасын қымбаттатып пайда таппақ болған алыпсатарлар пайда болды,- деп хабарлайды newsroom.kz порталы КТК арнасына сілтеме жасап.
Үш күн бойы жолда қалған көлік жүргізушілері осыны айтып шағымданып жатқан көрінеді. Қарабұтақ ауылы тұсында тұрып қалған олар ауыл әкімінің келуін талап еткен.
Самара - Шымкент тас жолының Хромтау қаласы мен Қобда ауылына дейінгі аумағында жүзге жуық көлік кептелісте қалыпты. Бораннан жолдың жабылуына байланысты не әрі, не бері қатынай алмай тұрған. Осы кезді пайдаланған пысықайлар бір бөлке нанды 1300 теңгеден саудалаған.
Бірақ аудан басшылары жолда қалғандарға қымбат баға ұсынған кімдер екенін сол күйі анықтай алмады. Ал жол бойындағы дәмханалар мен демалыс орындары ас атасын 160-185 теңгеден асырмадық деп отыр. Олардан кінә жоқтығын жүргізушілер де растаған. Күре жолды қардан аршып отырғанымен, ұйытқыған боран қайта басып тастайды. Кептелісті сейілту үшін көліктерді топтап-топтап өткізіп жібермекші. Ал Ақтөбеден шығар тұста Өзбекстан азаматтары мінген алты автобус боранда қарға батып қалған. Жолаушылар арасында он бала бар. Оларға қажетті ас-су мен дәрі дәрмек жеткізіліп, шетелдіктер сапарын жалғастырыпты.
"Негізінен өзбек елінің азаматтары, ішінде кәмелетке толмаған балалар бар. Дәрі-дәрмек, азық-түлік те, еріктілер бар, «Казсервис» мекемесі бар. Полиция қызметкерлерімен бірлесіп автобустарға жетіп, балалардың жағдайын көріп қажет заттарын жеткізіп бердік",- дейді Алматы ауданының әкімі Асланбек Сүйіншәлиев.