Соңғы күндері Алматы қаласында орын алған сейсмикалық жағдайлардан кейін Алматы облысы мен Алматы қаласындағы тауға жақын орналасқан туристік орындардың жай-күйін білу мақсатында newsroom.kz порталы Туризм және спорт министрлігіне сұраухат жолдады. Соған байланысты "Сейсмологиялық байқау және зерттеу орталығының" жауабын назарларыңызға ұсынамыз.
Аталған мекеменің жауабынша, Шымбұлақ демалыс орны СМ3-2 475 картасы (қайталану уақыты 475 жыл) бойынша қарқындылығы 10 балдық зонада жатыр екен. Жалпы, Алматы облысы мен Алматы қаласындағы тауға жақын орналасқан туристік орындар 9-10 балдық зонада орналасқан.
Көлсай, Қайыңды, Шарын демалыс орындарында қатты жер сілкінісі болған жағдайда, теңдесі жоқ туристік объектілерден айырылып қалу қаупі қаншалықты жоғары екендігін сұрағанымызда аталған мекеме оның барлығы қауіпті аумақта тұрғанын айтты.
"Көлсай, Қайынды, Шарын туристік орындары сейсмикалық қауіпті аудандарда жататынын ескерген жөн. Сейсмология институтының қатысуымен жасалған "Сейсмикалық аймақтардағы құрылыс" ҚР ҚЖ 2.03-30-2017 нормативтік құжатқа сәйкес, Қазақстан территориясын жалпы сейсмикалық зондылау картасында (ОСЗ-2 475) Шарын 8 балдық, Көлсай мен Қайынды туристік орындары қарқындылығы MSK-64 шкала-кестесі бойынша 9 балдық зонаға кіреді. Аталмыш туристік орындар сейсмикалығы жоғары қауіпті орындары 9 балдық сілкініске лайықты салынуы тиіс",- делінген мәлімдемеде.