Алматыдағы аурухананың бухгалтері кәсіпкерлердің 90 млн теңгесін жымқырыпты

Есепші 7 жылға сотталды

фото: diapazon.kz

Алматы облысындағы Ұйғыр аудандық орталық ауруханасының бухгалтері кәсіпкерлердің ақшасын ұрлап алғаны үшін жеті жылға сотталды, деп хабарлайды newsroom.kz сайты Алматы облысы прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

30 қаңтарда аудандық аурухананың бухгалтері 90 млн теңгені жымқыру бойынша сотталды. Бұл ақшаны Мемлекеттік сатып алуға қатысқан кәсіпкерлер медициналық мекеменің банктік шотына кепілдік жарналар ретінде салған.

Тергеу барысында аурухана бухгалтері кәсіпкерлердің ақшасын ұрлап, оны өз шотына аударғаны анықталды. Тексеру кезінде Алматы облысының прокуратурасы 50 млн теңге сомасы жымқырылғаны анықтады. Бұл қаражатты аурухана 25 кәсіпкерге қайтаруы тиіс. Қаражаттың бір бөлігі кәсіпкерлерге прокурорлық қадағалау актісі бойынша өтелді.

"Мердігерлер тапсырыс берушілердің шоттарына шарттық міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ететін шарт құнынан 3% ақшалай қаражат салатыны заңнамалық тұрғыдан көзделген. Бұл енгізілген қамтамасыз ету мемлекеттік сатып алу бойынша міндеттемелерді орындағаннан кейін кәсіпкерлерге қайтарылады", - деп түсіндірді прокуратура.

Сот шешімімен кәсіпкерлердің ақшасын ұрлаған бухгалтер жеті жылға бас бостандығынан айырылды.

 

Жүктелуде...