"Ардақты ағайын! Назгүл мен Құндыз қарындастарымыздың құлдықтан құтылғандарына 3 ай уақыт болды,- деп хабарлайды Newsroom.kz порталы "Көреміз" бағдарламасына сілтеме жасап.
17 жылдық азап пен тозақты ұмыту үшін 3 ай әлбетте аздық етеді. Десе де «Көреміз» ұжымы екі қарындасымыздың болашағы баянды болу үшін бар жағдаятты жасап жатыр. Оған сеп болған сіздердің қолдауларыңыз!
Назгүл бұған дейінгі өмірін еске алды.
"Жаман болып кеткенбіз. Қаптағы киіміміз тұрды, соны көрсеттік. Азық-түлігіміз тұр. Газымыз жасамайды. Таусылмағанда, тамақ істейтін едім. Жоқ, білмеймін (аяғы жарылғанын, тырнағы өскенін ағамызға айтпайтын едік). Үйдегі суға түсіп аламыз. "Ауруханаға барасыңдар, шомылып алыңдар" дейді. Шәуілдірге ауруханаға барып келеміз. Жоқ, жүре береміз (былай шомылдырмайды )", - деп жазды журналист.
“Қыздар қазіргі таңда аз-аздан үздіксіз ем қабылдауда”
Сонымен қатар бағдарламаға қос қызбен үздіксіз жұмыс істеп жүрген психолог Санжар Тұрсынметов те келді. Ол қыздардың қазіргі психикалық жай-күйін баяндады.
“Қыздардың жағдайы өте жақсы. Әрине қыздар өте ұзақ уақыт қоғамнан оқшауланғандықтан, оңалуға да сонша уақыт керек. Дер кезінде жасалған дүние болғанда, мұндай ұзаққа созылу болмайтын еді. Ақыл-ойдың дамуы үшін бүкіл терапияны алдық. Нәтиже бар, бірақ 3-4 айда құлан-таза айығып кетті деп айта алмаймын. Құндыз бағдарламаға қатыса алмайды. Өйткені ЛФК терапиясы бар. Одан қалуға болмайды. Назгүлден гөрі Құндызға көбірек ем-дом қажет. Оның терапиясы аяқталмады”, – дейді психолог маман.