Қазақстанда зейнетақының орташа мөлшері өсіпті

Еліміздегі зейнетақы мөлшері жарияланды

фото: findhow.org

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде Қазақстандағы зейнетақының орташа мөлшері айтылды, деп хабарлайды newsroom.kz.

Ведомствоның мәліметінше, 2023 жылы республикалық бюджеттен 2,3 миллион адамға 3,3 триллион теңгеден астам сомаға зейнетақы төленді, оның ішінде базалық зейнетақы төлеуге 1 триллион 16,6 миллиард теңге, ынтымақты зейнетақы төлеуге - 2 триллион 297,4 миллиард теңге бағытталды.

2023 жылғы 1 қаңтардан бастап инфляция деңгейін ескере отырып, әлеуметтік төлемдерді жыл сайынғы индекстеу шеңберінде ынтымақты зейнетақылардың өсуі 10,5 пайызды (инфляция деңгейінен 2 пайызға озып) құрағаны атап өтілді. Сондай-ақ, ең төменгі күнкөріс деңгейінің өзгеруіне байланысты базалық зейнетақы мөлшері ұлғайтылды.

"2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 120 744 теңгені құрады, оның ішінде ынтымақты зейнетақы – 82 868 теңге, базалық зейнетақы - 37 876 теңге", - делінген хабарламада.

2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша зейнеткерлер саны 2 миллион 344 мың адамды құрайды.

"2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" Заңға сәйкес ынтымақты зейнетақы мөлшері 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап 9 пайызға өсті. Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің ұлғаюына, сондай-ақ ең төменгі мөлшердің 60-тан 65 пайызға дейін, ең жоғары күнкөріс деңгейінің 100-ден 105 пайызға дейін ұлғаюына байланысты арттырылды.

"Осылайша, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап жиынтық зейнетақының ең төменгі мөлшері 77 417 теңгеден (2023 жылы) 86 068 теңгеге дейін өсті", - деп толықтырды Еңбек министрлігі.

Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылдың желтоқсанында жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 120 838 теңгені құрады.

Жүктелуде...