Шығармашылық субъектілерге салынатын салық жеңілдетіледі - Аида Балаева

Қаулыға сәйкес, 40 қызмет түрі арнайы бөлшек салық режиміне өтті

Фото: Astana.tv

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева елімізде шығармашылық субъектілердің бірқатар салық төлеуден босатылатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Newsroom.kz

 «Мемлекет басшысының шығармашылық индустрияны дамыту жөніндегі тапсырмасын орындау үшін Ұлыттық экономика және Қаржы министрліктерімен бірге кешенді жұмыс жүргізілді.
Мұндағы мақсат шығармашылық субъектілеріне салықты жеңілдету болып табылады. Осы кешенді жұмыстың нәтижесінде Үкімет қаулы қабылдады. Қаулыға сәйкес, 40 қызмет түрі арнайы бөлшек салық режиміне өтті. Бұл дегеніміз – бизнестің КТС, жеке табыс салығы, ҚҚС төлеуден босатылғанын білдіреді. Аталған қызмет түрлерімен айналысатын субъектілер енді бірыңғай салықты ғана төлейді. Бұл жеке кәсіпкерлер үшін 2%-дан 4%-ға дейін, ЖШС үшін 8%-ға дейін болады. Тек компанияның жылдық айналымы 2,2 миллиард теңгеден аспауға, ал штатта 200 адамнан көп болмауға тиіс екенін айтты Аида Балаева.

Сондай-ақ, ол салықты жеңілдету кино, бейнеконтент пен телебағдарламаларды өндіруге және кейінгі өндіріске, музыкалық шығармаларға дыбыс жазу мен басып шығаруға, театр және музей өнеріне, сәулет және дизайнға, қолөнер бұйымдарына, халық шығармашылығына және кәдесыйлар өндірісіне әсер ететінін де айтты.
«Осы қолдау шарасын әзірлеу барысында халықаралық тәжірибені мұқият талдадық. Ең озық елдердің (Ұлыбритания, Германия, Оңтүстік Корея) тәжірибесі шығармашылық индустрияны дамыту үшін салықты жеңілдетуге ерекше мән беру керектігін көрсетеді. Аталған жұмыс – саланы ауқымды дамытуға бағытталған алғашқы қадамдардың бірі. Бұл – ұзақ жолдың басы ғана», - деді Аида Балаева.
 

Жүктелуде...