Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Шымкентте екі ректордың, үш проректордың орны бос екен

Шымкентте екі оқу ордасында басшылардың орны бос екен

Шымкентте екі ректордың, үш проректордың орны бос екен
Коолаж: newsroom.kz

Еліміздегі үшінші мегаполис Шымкент қаласының жоғары білім саласы Ұлу жылы басталмай жатып, ауыс-түйіске толы болды,-деп хабарлайды newsroom.kz
 

Жыл жабылар сәтте яғни желтоқсан айының соңына таман Мұхтар Әуезов атындағы ОҚМУ проректоры Ербол Сармурзин қызмет ауыстырды. Ол өзі туған Қарағанды қаласындағы Е.Бөкетов университетіне ауысып келді. Ел газеті «Егемен Қазақстанның» жазуынша Қарағанды қаласындағы бұл лауазымға 117 үміткер таласқан. Тіпті,  алыстағы Оңтүстік Африка елінің білім менеджерлері бұл орыннан дәмелі болыпты. Алайда, осы салада PhD докторлығын Ұлыбританияда қорғаған және Шымкент қаласында Д.Қожамжарованың орынбасары болған Е.Сармурзиннің бағы жанған. 

Араға аз уақыт салып, жыл басталған тұста М.Әуезов атындағы ОҚМУ ректоры т.ғ.д., профессор Дария Қожамжарова қызметтен кетті. Түрлі БАҚ жазғандай ол бұл лауазымды 2018 жылдың мамыр айынан атқарған. 

Ішкі инсайдерлік ақпаратқа сүйенсек, Әуезов университетінде қазір 3 проректордың орны бос, одан бөлек тағы 2 проректордың келісімшарты осы айдың соңында аяқталады.

Араға бір күн салмай жатып, Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің ректоры Гүлжан Сүгірбаева еңбек шартының мерзімінің өтуіне байланысты атқаратын қызметінен босатылды. Айта кету керек, Гүлжан Дәулетбекқызының да мамандығы – тарихшы және тарих ғылымдарының кандидаты, доцент.

Екі күнде еліміздегі ең халқы көп қаладағы белді екі университеттің басшылығы ауысып, аталмыш ЖОО ректорсыз қалып отыр. Қазір қала тұрғындары кімнің ректор болып келетініне тон пішіп, ел арасында қызу әңгіме жүріп жатқан көрінеді. 
Түрлі инсайдерлердің айтуынша, ректор һәм басқарма төрағасы болмаққа үміткер білім менеджерлерінің саны жетерлік. Тек бағы жанатын адамның саны екеу болғандықтан, қазір мынау деп дөп басу айту қиын депті. 

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев білім саласына ерекше көңіл бөліп, бұл саланы бақылауда ұстап отырғандықтан, аталмыш университеттерге «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасын ту еткен, студенттерге қамқор, білімге жанашыр болатын нағыз ақ жүрек, адал ниетті адам келеді деген үміттеміз...