Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
22 желтоқсан, 2023 / Майра Ділдахан / Әлем

Сізге қай мінезді «ЖӨНДЕУ» керек? (психологиялық тест)

Мінезіңіздің осал тұсын білсеңіз, оны түзеу қиын емес.

Сізге қай мінезді «ЖӨНДЕУ» керек? (психологиялық тест)
Фото: ашық дереккөзден

«Білгің келсе қара менің көзіме, мен жайында сұрамашы біреуден» дейді Ерлан Тағман. Бірақ, өзіндегі дара қасиеті мен мінезінің жақсы жақтарын айтып, жаманын жасырып қалатындар көп те, ал мінезінің осал тұсы мен әлсіз жағын мойындайтын адам кемде-кем.

Содан болар, адам өзінікінен гөрі өзгенің кемшілігін тез көреді. Дегенмен, психологтар өзгеге мойындамаса да, әркім өзіндегі мінез кемшілігін білгені дұрыс дейді.

Неге? «Мінезің – сенің тағдырың» деген сөз бар. Өміріңізде қиыншылықтар, мәселелердің тууына себепшілердің бастысы – адамның мінезі. Ал, мінездің қалыптасуына көбіне түрлі жағдайлар себепші. Ал, ұлы философ Маркс пен Энгельс «Егер адамның мінез-құлқын жағдайлар тудыратын болса, онда сол жағдайларды адамға тиімді етіп құру керек» деген. Демек, бұл – әркім өзінің мінезіндегі кемшілікті «жөндей» алады деген сөз. Ендеше, сізге қай мінезді түзеу керектігін білсеңіз, қиындық тудырып жатқан жағдайлардан жол тауып шыға аласыз. Сонымен, өз өміріңізді қиындатып жүрген мінезіңізді білгіңіз келе ме?
 

Олай болса, мынау суреттегі төрт үйге асықпай қарап шығыңыз да, біреуін таңдаңыз. Сіз таңдаған үйде сіздің қиын мінезіңіз жасырулы.

№1 ҮЙ Өзіндік ой-пікірі, көзқарасы бар адамсыз. Ерік-жігеріңіз мықты. Кез келген қиындықты жеңуге, мәселенің түйінін дұрыс шешуге осы мінез-қасиетіңіздің көмегі зор. Бұл сіздің бойыңыздағы ең жақсы мінезіңіз. Ал, ең осал мінезіңіз – мейірімділік. Әрине, мейірімділік жаман қасиет емес. Білесіз бе, американ жазушысы К. Бовидің не дегенін? Ол «Мейірімділік – мылқаулар сөйлей алатын, кереңдер ести алатын тіл» деп жазады. Бұл құрметтейтін, мақтайтын ең асыл мінез қасиеті. Бірақ ағзаға қажетті, бала да, қарт та жақсы көретін қантты да тым көп пайдалансаңыз уға айналмай ма? Дәл сол сияқты, сіздегі мейірімділік – өміріңіздегі көп мәселені тудырушы.

Әрдайым тәтті болсам, өмірім де үнемі тәтті болады деп қате ойламаңыз. Шыбын тек мал тезегіне ғана емес, тәттіге де қонады.

№2 ҮЙ «Еңбек бәрін де жеңбек» деген даналарымыз. Сіздің де өмірлік кредоңыз бұл. Өте еңбекқор адамсыз. Абыройыңызды асқақтатқан да, табысыңызды толымды еткен де – еңбекқорлығыңыз. Сіз үшін жұмыстың үлкен-кішісі де, ауыр-жеңілі де жоқ, кез келгенін орындау қиындық тудырмайды. Ән падишасының досы О. Бодықов журналистерге берген бір сұхбатында «Шәмшінің бақыты да, соры да – қарапайымдылығында» деген екен. Сол сияқты сіздің досыңыз да, дұшпаныңыз да – еңбекқорлығыңыз.

Жұмысқа ғана емес, эмоциональдық күйіңізге, денсаулығыңызға, жеке өміріңізге және жақын, қымбат жандарыңызға да көңіл бөлуге уақыт арнай білгеніңіз жөн.

№3 ҮЙ Қатал, тәртіпке қатаң әрі талапшылсыз. Дұрыс-ақ, Бауыржан Момышұлы атамыз айтқандай, «Талаптының тоқпағы тасқа шеге қағады». Бүгінде өміріңіздің қай саласындаболмасын шыққан биігіңіз – өзіңізге қойған талаптарыңыздыңдың жемісі. Бірақ, өзгемен қарым-қатынасыңызға сәл-пәл жұмсақтық қосқаныңыз абзал. Әйтпесе, сіздің өзгелермен, басқалардың сізбен қарым-қатынас құруы өте қиын. Ал, өміріңіздегі негізгі мәселелер мен қиындықтар сізідң осы қиын мінезіңізден туындауда. Белгілі педагог А. Макаренко не дегенін еске түсіріңізші. Ол «Адамға мүмкіндігінше көбірек талап қойыңыз және адамды көбірек сыйлаңыз» демеп пе еді.


№4 ҮЙ Өте сабырлы, салмақты жансыз. Нендей қиындықта да ішкі жан дүниеңіз бен сыртқы әлем теңгерімін теңдей ұстай аласыз. Көп адам таппай жүрген мінез-қасиет бұл. Бірақ... Осы «бірақ» сізге кедергі. Айналаңыздағылар үшін кейде тым сабырлылығыңыз салқынқандылықпен, салмақтылығыңыз самарқау мінезбен тең көрінеді. Мінезіңіздің салмақтылығы жақсы, бірақ дос-жаран, ағайын-туыс өміріне немқұрайлы қарамаңыз. Эмоцияңызды анда-санда шығарып, сезіміңізді сөзбен жеткізе білгеніңіз дұрыс. Әйтпесе, бәрі сізден алыстайды.

Сондай-ақ, тым салмақтылық бірте-бірте өзгенің өміріне ғана емес, өз тағдырыңызға да жауапсыздықпен қарауға үйретеді.

Дереккөз: ERNUR.KZ порталынан. 

(Суреттер ашық дерекөздерден алынды)