Қарағанды облысының тұрғыны ірі көлемдегі қарызын төлеуден бас тартқаны үшін алты жыл бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды newsroom.kz.
Полиция департаментінің хабарлауынша, Теміртау қаласының Ескі қала полиция бөліміне 45 жастағы әйел хабарласқан. Ол 31 жастағы жергілікті тұрғынның өзіне қомақты сомада қарыз екенін және ақшаны қайтарудан үзілді-кесілді бас тартқанын айтқан. Оның үстіне сот бұған дейін ер адамды қарызды төлеуге міндеттеген.
Полиция ҚР Қылмыстық кодексінің 430-бабына сай сотқа дейінгі тергеуді бастады. Теміртау қаласының тұрғыны бір жыл бойы қарызды өтеу туралы талаптарды елемегені анықталды. Ол төлеуден бас тартқан сома – 54 миллион теңге. Ер адам сот актісін орындау тәртібін бұзып, мемлекеттік органдардың жұмысына кедергі келтірген. Бұл үшін ол үйқамаққа алынды.- делінген полиция хабарламасында.
Тергеу аяқталған соң борышкерге қатысты іс Теміртау қалалық сотына жіберілді. Сот ер адамды алты жылға бас бостандығынан айырды. Үкім заңды күшіне енді.