Алматы қаласының прокуратурасы "Шәкен Айманов атындағы Қазақфильм" акционерлік қоғамын тексеру қорытындысы бойынша аса ірі көлемде бюджет қаражатын ұрлау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады,- деп хабарлайды newsroom.kz.
Алдын-ала мәлімет бойынша, киностудиядан фильм түсіруге бөлінген 400 миллион теңгеден астам қаржының ұрланғаны анықталды.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді Экономикалық тергеп-тексеру департаменті жүргізіп жатыр. Киностудия сайты қазір жұмыс істеп тұрған жоқ.
"Қазақфильм" - 1934 жылы құрылған республикадағы ең ірі киностудия. Киностудия өзінің қазіргі атауын 1960 жылы алды, ал үш жылдан кейін Қазақстанда Қазақстан Кинематографистер одағының бірінші съезі өтті, оның бірінші хатшысы Шәкен Айманов болды.
Оның есімі киностудияға 1984 жылы берілді.