Елордада өткен тұңғыш параолимпиада туралы не білеміз? (фото)

Пара ойындар туралы не білеміз?

Фото: gov.kz

Елімізде параолимпиадалық спорт түрлері қарқынды дамып келеді,- деп хабарлайды newsroom.kz.

Оған дәлел күні кеше Ханчжоуда болған IV Азия Пара ойындарының нәтижесі. Спортшыларымыз 8 алтын, 12 күміс, 21 қола жеңіп алып ел тарихындағы рекордты жаңартқан еді.

Аталмыш спорт түрлерін дамыту ел үшін өте маңызды. Осы мақсатта өткен айдың соңында елордадағы «Beeline Arena» спорт кешенінде пара каратэден инклюзивті әлем чемпионатының ашылу салтанаты өткен болатын.

Іс-шараның ашылу салтанатына қатысқан Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаев қатысушыларға сәттілік тілеп, спорт саласында инклюзивті орта қалыптастырудың және ерекше қажеттілігі бар спортшылардың осындай әлемдік додаларға қатысуының және Қазақстанда алғаш рет өтуінің маңызы зор екенін атап өткен.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ерекше қажеттілігі бар азаматтарды қолдау мәселесіне үнемі баса мән беріп келеді. Паралимпиадалық спорт түрлері, бірінші кезекте, рухы асқақ, жігері мықты, мақсаты айқын адамдарға арналғаны сөзсіз. Соңғы жылдарда елімізде бұл саланың қарқынды дамып келе жатқаны қуантады.
Күні кеше Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен IV Азия Пара ойындары еліміз үшін өте сәтті өтті. Себебі, еліміз өз тарихында жүлде саны мен сапасы жағынан барлық рекордтарды бұзды.  Екіншіден, Қазақстан алғаш рет пара дзюдо, пара жеңіл атлетика, пара пауэрлифтинг спорт түрлерінен алтын жүлдеге ие болды», – деді ол.

Спорттық доданың жүлделерін сарапқа салуға әлемнің сегіз елінен келген 200-ге жуық пара спортшы қатысып жатыр.
Ұйымдастырушылардың айтуынша қатысушылардың жасы 7 жастан 65 жасқа дейінгі аралықты қамтиды. Қатысушылар – тірек-қимыл аппараты, көру мүшесі зақымдалған, сонымен қатар интеллектуалды даму деңгейі төмен спортшылар мен қатар дені сау спортшылар қатысуда. Байрақты бәсеке 26 қарашада мәресіне жетті.

Айта кетейік, жастарды спортпен айналысуға шақырып, салауатты өмір салтын ұстануға үгіттеу  - ел болашағына жақсы жағынан әсер етері сөзсіз. Сол себептен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Президент ретіндегі алғашқы Жолдауында бұқаралық спортты дамыту мәселесіне назар аударған болатын.

– Ұлт денсаулығын бекемдеу мәселесі де өте өзекті. Барлық жас санаты арасында бұқаралық спорт түрлерін насихаттай беру керек. Балалар үшін спорттық инфрақұрылымның барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек. Бұқаралық спортты дамыту – пирамидаға айналуы қажет. Оның басына чемпиондар шықса, оның негізінде біз сау әрі саналы ұрпақты, мықты ұлтты қалыптастырамыз, – деген Қасым-Жомарт Кемелұлы бұқаралық спортты дамытуға арналған кешенді бағдарлама қабылдау керектігін айтқан болатын.
Бұл тұрғыда инклюзивті жандардың да назардан тыс қалмай, осындай жарыстардың елордада өтіп жатқаны қуантады.

 

Жүктелуде...