Республикалық бюджеттің шығыны 23%, ал табысы небәрі 10% көбейіпті,- деп хабарлайды newsroom.kz порталы.
2023 жылдың қаңтар–қыркүйегінде республикалық бюджеттің табысы 12,9 трлн теңгені құрады, бұл былтырғыдан 9,7% көп.
Ал шығын 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бірден 22,5% көбейіп, 15,3 трлн теңгеге жетті.
Шығын мен табыс арасындағы айырмашылық 2,4 трлн теңге, ара қатынасы 118,5%. Салыстыру үшін: былтыр айырмашылық 720,9 млрд теңге, ара қатынасы 106,1% болған. Соңғы жылдары шығын табыстан үнемі асып түсіп келеді.
Биыл қаңтар–қыркүйектегі республикалық бюджет табысының 69,1%-ы салық түсімдері есебінен болды. Жалпы, жыл басынан бері қазынаға 8,9 трлн теңге салық түсті, бұл былтырғы қаңтар–қыркүйекпен салыстырғанда бірден 23% артық. Ең көп бөлігін қосылған құн салығы (4,1 трлн теңге), корпоративтік табыс салығы (2,4 трлн теңге) және акциздер (116,6 млрд теңге) құрады.
Салықтық емес түсімдер 245,7 млрд теңгені (бір жылда 1,9% көбейген), негізгі капиталды сатудан түскен табыс — 401,3 млн теңге (69,2% азайған).
Трансферттер 3,7 трлн теңге, былтырғыдан 12,4% аз.
Республикалық бюджет шығынына келетін болсақ, биыл қаңтар–қыркүйек қорытындысы бойынша оның басым бөлігі әлеуметтік көмек пен әлеуметтік қамсыздандыруға тиесілі болды: 3,5 трлн теңге, бір жылда 8,4% көбейген. Мемлекеттік бюджеттің барлық шығынының 22,8%-ы.
Шығынның тағы 9,9%-ы денсаулық сақтау саласына жұмсалды: 1,5 трлн теңге — былтырғыдан 9,9% көп.
Одан кейін 5,1% үлеспен қоғамдық тәртіпті, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқықтық, сот және қылмыстық-атқару қызметі саласына жұмсалған шығын: жыл басынан бері 785,9 млрд теңге, 21,5% көбейген.
Қарызға қызмет көрсетуге бюджеттен 1,6 трлн теңге жұмсалды, былтыр 1,1 трлн теңге болған. Жылдық өсім 42,5%. Трансферттер 3,7 трлн теңгені құрады, бұл ылтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда екі есе көп.