Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
11 қараша, 2023 / NewsRoom / Жаңалықтар

Облыс әкімінің орынбасары Сайрамдағы әлеуметтік нысандардың жай-күйімен танысты

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев Сайрам ауданына іссапармен барды.

Облыс әкімінің орынбасары Сайрамдағы әлеуметтік нысандардың жай-күйімен танысты
Ғаламтор желісінен

Сапар барысында өңір басшысының орынбасары Қарасу ауылдық округінің емхана жұмысымен танысты. Аталған медициналық мекеме 13 мыңнан астам халыққа қызмет көрсетуде. Ғимараты 1974 жылы типтік емес үлгіде дәріханаға арналып салынған. Соған қарамастан мекеме қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс істеп, науқастарға медициналық көмекті дер кезінде көрсетіп жатыр, деп хабарлайды newsroom.kz.


Емхана жұмысының жай-күйімен танысқан Б.Тәжібаев жаңа типтік жобадағы емхана ғимаратының құрылысын жоспарға енгізуді жүктеді. Мұнан соң күрделі жөндеуден өтіп жатқан «Күншуақ» бөбекжай бақшасының құрылыс жұмыстарын тексерді. Сала мамандарына құрылыс жұмыстарын уақтылы және сапалы аяқтауды тапсырды.
Облыс әкімінің орынбасары Манкент ауылындағы дәрігерлік-амбулатория жұмысымен танысты. Қазір медициналық мекеме жаңа ғимарат құрылысын қажет етеді. Бұл ретте ғимарат құрылысына Манкент ауыл округі әкімшілігі тарапынан Жалал ата көшесі бойынан 1,0 га жер телімі бөлініп, мемлекеттік актісі рәсімделген. Қазір СЖТ құжаты Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасына ұсынылған. Аталған жұмыстар жалғасын табады.


– Сайрам аудандық ауруханасына да соңғы он жылдықта күрделі жөндеу жүргізілмеген. Оннан астам нысанды қамтитын ауруханаға күрделі жөндеу бойынша жобалық-сметалық құжаты әзірленуде. Аудандағы әлеуметтік нысандарды ретке келтіру мәселесін мұқият бақылауда ұстаймыз, – деген Бейсен Тәжібаев аудан орталығында тұрғындарға жеке қоғамдық қабылдау өткізіп, өтініштерін тыңдады.


Қордаланған мәселелердің біразы мектеп тапшылығы, білім нысандарына жөндеу жүргізу, жаңа емхана мен кітапхана соғуды қамтыды. Мәселен, 55 жылдық тарихы бар аудандық орталық кітапхана 2011 жылдан соң жөндеу көрмеген. Кітап қорын сақтайтын қойма орындары да жетіспейді. Мәселені шешудің екі жолы қарастырылуда. Жаңа кітапхана құрылысын бастау немесе басқа ғимаратқа ауыстыру ұсыныстары бар. Қабылдауда өзге де жергілікті деңгейде шешілетін сұрақтар қаралды. Заң аясында жауаптары жолданады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі