Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
8 қараша, 2023 / NewsRoom / Жаңалықтар

Түркістан: Созақта «ауыл аманатының» арқасында кәсіп ашқандар саны көбейіп келеді

Созақ ауданында «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша несие алып, кәсібін жандандырып отырған азаматтардың саны күн санап артуда.

Түркістан: Созақта «ауыл аманатының» арқасында кәсіп ашқандар саны көбейіп келеді
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Соның бірі – Созақ ауылының тұрғыны Жамила Айдарбекқызы, деп хабарлайды newsroom.kz.

Ол «Ауыл аманаты» бағдарламасының 6-бағыты негізінде үй іргесінен жүн, мақта өнімдерін қайта өңдеп, қолданысқа дайындау және тігін саласын жандандыру мақсатында 5 200 000 теңгеге жеңілдетілген несие алды. Кәсіпкер ол қаражатқа заманауи үлгідегі тігін құралдарын сатып алып, бүгінде өзінің «Елжан цехын» дөңгелетіп отыр.

– Бұл саланы осыдан 15 жыл бұрын үйреніп, 10 жылға жуық басқа кәсіпкердің қарамағында жұмыс істедім. Соңғы 5 жылда өз алдыма бөлек тігін машинасын алып, жеке кәсібімді бастадым. Қолданыстағы тігін машиналарым ескі болғандықтан жұмысым баяу болды. Уақыт өте бұл салада кәсіби маман ретінде жұмыс істеуді ұйғарып, «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасына қатысып, заманауи үлгідегі тігін құралдарын алуды шештім. Небәрі 20 күннен астам уақытта несиеге қол жеткізіп, қажетті құралдарды арнайы тапсырыспен алдырдым. Нәтижесінде, жұмысым едәуір жеңілдеп, бұл салаға қызығушылығым арта түсті. Бүгінде сұраныстың басым көпшілігі жергілікті тұрғындар тарапынан түседі. Халықтың арқасында табыс тауып отқан соң барынша сұранысқа сай үлгеріп, көптің көңілінен шығуға тырысамын, – дейді кәсіп иесі.

Жалпы, қазіргі таңда ауданда «Ауыл Аманаты» бағдарламасы бойынша – 269 азаматтың құжаты қабылданды. 208 азаматтың құжаттары 1 147, 225 млн. теңгеге мақұлданып, 169 азамат 928, 560 млн. теңге жеңілдетілген несие алды.

Айта кеткен жөн, «Ауыл аманаты» жобасы Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың 2022 жылдың 26 қарашасындағы №1 «ҚР ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы» Жарлығы негізінде бастау алды. Өткен жылы жаңа бағдарламаны ауыл тұрғындары арасында кеңінен насихаттау, түсіндіру жұмыстары жан-жақты жүргізілді. «Amanat» партиясы жанынан арнайы құрылған мобильді топтар барлық дерлік өңірді аралап шығып, елді мекендердің 250 мыңнан астам  тұрғынына «Ауыл аманаты» жобасын кеңінен таныстырды. Оның ішінде ең шалғай деген ауылдардың тұрғындары да қамтылды. Бапталған бағдарламаның басты шарттарымен тыңғылықты таныстыру және бүгінге дейін атқарылған жұмыстарға шолу жасау мақсатында жүргізілген жоба аясында ауыл тұрғындары өз кәсіптерін ашуға немесе бұрынғы ісін кеңейтуге қа­жет­ті түрлі ақпараттарға молынан қанықты.

Жыл басында өткен жобаға жол ашып берген алқалы жиында «Amanat» партия­сының төрағасы Ерлан Қошанов: «Бұл – ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсар­туға, проблемаларын жедел шешуге, ауылдарды көтеруге мүмкіндік беретін нақты қадам. Жобаны пилоттық іске қосу қорытындысы бойынша Жамбыл облы­сының 11 ауылдық округінде ауылдардағы орташа айлық табыс 1,7 есе өсті, атау­лы әлеуметтік көмек алушылар саны 3 есе азайды, жұмыссыздық деңгейі 36%-ға төмендеді. Үкімет пен «Amanat» партия­сының міндеті – «Ауыл аманаты» жобасын бүкіл елге масштабтау. Жобаның барлық артықшылықтары туралы халықты дұрыс ақпараттандыру аса маңызды», деген еді.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі