Депутаттар тым-тырыс: Бишімбаев ісіне қоғам белсендісі күйінді
Ғалымжан Оразымбет Бишімбаевқа қатысты ойын айтты
Қоғамдық резонанс тудырған “Бишімбаев ісінде” белгілі қоғам белсендісі Ғалымжан Оразымбет жанайқайын жеткізді,- деп хабарлайды newsroom.kz.
Бишімбаевқа қатысты
Ескерту: осындай жағдайға ұшыраған, басынан өткен адам ретінде бұл жеке тәжірибем, жеке жарақаттарым мен сезімдерім. Сондықтан объектив ақиқат иесі болуға талпынбаймын. Таза субъектив көзқарасым.
Сонымен, біріншіден, өзінен шығар, екіжақты қарайық, әдейі емес шығар дейтін адамдардан шын қорқам. Ақтаушының хайуандығы өлтіргеннен еш кем емес. Оларға қатысты үмітсіздіктен басқа еш сезімім де, сөзім де жоқ. Қанша жақтан қарасаң да, фактіні өзгерте алмайсың. Адам өлді, өлтірген адам бар.
Екіншіден, өлтірген адам туыстары, жақындарының әрекеті. Адам деген - өзін алдауға келгенде шеберлігінде шек жоқ мақұлық. Өлген адам өлді, енді тіріні сақтайық деген алашапқын. Ол жерде адам жалдап ақтайтын посттар жазғызу, сотты жағалау, прокурорды майлау, тергеушіні көндіру. Бар ойы құтқарып қала алмасақ та, жазасын жеңілдетуге тырысып көрсек деу. Бастан өткен жағдай. Әдейі өлтірген жоқ, ниеті болған жоқ, аффект жағдайында болды, байқамай қалды, т.б. толып жатқан айла-шарғы. Түсінуден бас тартам. Қанша жерден туыс болсаң да өзіңді жеңіп, есіңді жиып сәл адам болуға талпынып көруді ойласа біреуі. Оны не оймен, не ниетпен сақтап қалғың келеді? Тағы біреудің сорына тышсын деп пе? Тағы біреуді өлтіріп қойсын, тонасын, тағы бір қылмыс жасасын деп пе? Істеген ісі үшін жазаланбаған, өзін жазаланбайтын сезінген адамның кейін қылмыс жасау ықтималын арттырады деп ойламай ма сонда? Дәл мына жағдайды алсақ, бұған дейін он жылға сотталып екі жылын ғана отырып шығып кеткен адам ғой.
Көп кемшіліктің түбінде жемқорлық жатыр. Бірінші рет құтылып кеткеніне жемқорлық көмектеспеді ме? Оны тергеп жатқан адам жемқорлықтан ада ма? Соттайтындар жемқорлықтан ада болып, тек заңға жабысып отырып алса, нәтиже басқаша болар ма еді? Бір ғана процестің әр сатысында жемқорлық жатады. Осы тізбектің бір бөлігінде жемқор болғысы келмеген, әділ, адал болғысы келген біреу болса, ол не сол қызметтен кетеді не оның әділдігін оның үстінде тұрған жемқор жоққа шығарады.
Айналып келгенде адамды адам деп қарамау, сонысын кемшілік деп білмеу, менің адамым - адам, қалғанына пофиг деген қатынастан туады бәрі. Тағы айта салайын, өлтірген мен оны ақтап шапқылап жүргеннің “адамдық” деңгейі бір деңгейде. Еш айырмасы жоқ.
Әдеттегідей депутаттар тым-тырыс. Бұл қалай деп сауал жолдаған, мәселе көтерген біреуін көрмедім әлі. Тергеу енді басталды, бәрін сот шешеді деп ақталатын шығар. Соттың қалай шешетінін білмейтіндей бола қалып. Бір емес, екі емес, ондап, жүздеп саналатын кезде бір адамның емес, мыңдаған адамның проблемасы ретінде көтеруге негізі жетеді ғой.
Жемқорлық болмаса, әділ сайлау болса, осының бәрі болмаса да, көбі болмас еді. Тағайындалған депутат орнымнан айрылып қалармын деп үндемей отырса, сайланған депутат қазір үн қоспасам, орнымнан айрылып қалармын деп талпынар ма еді. Ал қазір осының бірі де жоқ. Бұл меморгандардың, мәслихат, парламенттің кәсіби деңгейінің төмен, қандай да бір дені сау әрекетке қабілеті жетпейтінін мойындауы, толық капитуляция. Сондай бір тупик,- дейді Ғалымжан Оразымбет.