Қайрат Боранбаевқа түрмеде отырған кезінде ұялы телефон пайдалануға, туған күнін ішімдік ішіп тойлауға заңсыз мүмкіндік берілген көрінеді. Бұнымен қоса, кәсіпкерге интим қызмет көрсетілуі үшін де ақы төленіпті. Бұл туралы Қайрат Боранбаевтың жиені Әбілхан Боранбаевқа қатысты қылмыстық іс материалдарында айтылған, - деп хабарлайды newsroom.kz порталы "КТК" телеарнасына сілтеме жасап.
Боранбаевтың жиені Әбілхан Боранбаев пара беріп, түрмеге заңсыз сыйлықтарды кіргізіп, интим қызметтерге ақы төлеген. Сол жағдайдан кейін Әбілхан Боранбаев 4,5 жылға бас бостандығынан айырылды.
"2022 жылғы 22 қыркүйекте сағат 20:40-та Қ.С. Боранбаевты ҚМА ғимаратынан тергеу изоляторына апару кезінде жол жүру бағытынан ауытқып, пара беруші Боранбаевтың пайдасына заңсыз іс-әрекеттер жасалып, Астана қаласы Алаш тасжолында орналасқан "Нұр" кафесінің маңына тоқтаған. Боранбаевқа интим қызмет көрсетушімен кездесуге, туған күнін ішімдік ішіп атап өтуге мүмкіндік жасалған. Куәгер Ә.Т. Боранбаев кешкі уақытта Қ.С. Боранбаевпен кездесу ұйымдастырғанын мәлімдеді. Олар қара түсті джипте кездескен. Ол ақшалай сыйақы үшін интим қызмет көрсеткен", - делінген қылмыстық іс материалында.
Айта кетейік, бұған дейін Қайрат Боранбаев бостандыққа шыққаны хабарланды. Ал оның алдында Қайрат Боранбаевтың туысы Әбілхан Боранбаев пара бергені үшін сотталды.