Журналист Алия Әшім инстаграм әлеуметтік желісінде елордадағы жекеменшік мектептердің жылдық құнын жазып, желіні шулатты,- деп хабарлайды newsroom.kz порталы.
Баласына жайлы білім ордасын іздеген ана қазіргі жекеменшік мектептердің жылдық бағасы - 2 млн-нан басталып, 8 млн теңгеге дейін барады дейді.
“Соңғы бірнеше апта балама мектеп іздеп басым қатып кетті. Таңдау көп, концепция бәрінде шамалас. Баға осындай.Авторитарлы жүйедегі авторитарлы білім беру моделінен әбден таяқ жеген соң, балаңа басқаша сценарий қалайсың"- дейді Алия Әшім.
Бүлдіршіндерінің жан-жақты дамып өскенін қалаған ана, олардың өз ерекшеліктерін түсінп өскенін қалаймын дейді.
"Баланың қиялы өлмесін, ілімді жаттап емес, қызыққаннан алсын дейміз. Өзін жұртпен салыстырмай, ерекшелігін түсінсін деп қоясың. Соңғы рет АҚШ-та болғанда, біздегі жекеменшік мектептердің концепциясы емес, қазір табиғатқа шығып, лагерь сияқты топтасқан сыныптарда білім беру басталып жатыр дегенді естігем. Күшті, бірақ университет ақшасы) Бәрібір де, ақша болса, балаңа бере бергің келеді. Кейде “әй, өз арманыңды тықпалап жатқан жоқсың ба?” деп есіңді жиып, тормоз басасың.Қысқасы, әбден шатасқан маған бір кеңестеріңіз керек”- деп журналист оқырмандарынан баласына ыңғайлы мектеп ұсынуын өтінді.