25 қазан күні елімізде ұлттық мереке – Республика күні тойланады. Бұл күні қазақстандықтар демалады. Жалпы, әлем елдері үшін Республика күні айрықша маңызға ие. Ал Қазақстан тарихында Республика күні бұрын да болған. Осынау айтулы мерекенің тарихы қандай? Бұл туралы newsroom.kz порталы дайындаған ақпаратты назарларыңызға ұсынамыз.
Республика күнінің тарихы сонау тоқсаныншы жылдардан басталады. 1990 жылы 25 қазанда "Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы" декларация қабылданды. Бұл Қазақстанның тәуелсіздік алуына жол ашқан маңызды құжат болатын.
Декларацияда Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негіздері жарияланды. Алғаш рет ел аумағының тұтастығы, қазақ халқының және басқа да ұлт өкілдерінің мәдениетін, дәстүрін, тілін қайта түлету, ұлттық болмысты қалыптастыру әрі нығайту сияқты мемлекеттік қағидаттар бекітілді. Осы декларацияның арқасында ҚазКСР өз ішкі әскерін, мемлекеттік қауіпсіздік пен ішкі істер органдарын құру құқығына ие болды. Ал президент елдің басшысына айналды.
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Республика күні жыл сайын 25 қазанда аталып өте бастады. 1995 жылы 18 қазанда алғаш рет "ұлттық мереке" болып жарияланды. Алайда 2001 жылы бұл мәртебеден айырылып, "мемлекеттік мереке" санатына өтті. Ал 2009 жылы сәуірде мерекелер қатарынан мүлде алынып тасталды.
Осылайша он жылдан астам уақыт бойы 25 қазан – Республика күні тойланған жоқ.
Қайта оралған мейрам
2022 жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күнін қайтаруды ұсынды. Мемлекет басшысы оған "ұлттық мереке" мәртебесін беріп, Қазақстанның басты мейрамы ретінде атап өту туралы бастама көтерді. Тоқаевтың бастамасы халықтың қолдауына ие болып, дәл сол жылы заңға тиісті өзгеріс енгізілді. Сөйтіп былтыр Қазақстан халқы ұзақ жылдар бойы атаусыз қалған Республика күнін алғаш рет дүркіретіп атап өтті.
"Енді бұл мейрамды күллі ел болып жаңа мазмұнда атап өтетін боламыз. Қайта жаңғырған Республика күні – бұл халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайта түсетін аса маңызды тарихи қадам", - деді былтыр президент Республика күніне орай Ақордада өткен салтанатты жиында.
Айта кетері, заңға енгізілген соңғы өзгерістерге сәйкес, Республика күні – елдегі жалғыз ұлттық мейрам. Республика сөзі латын тілінде "ортақ іс" деген мағына береді.