Бұл туралы newsroom.kz парақшасы Ұлттық бюроның ресми мәліметіне сүйеніп хабарлайды.
Бюро мәліметінше, елімізде есімдер тізімінде алғашқы орын ұлдардан соңғы 3 ай бойы Алихан (276) есімінде, ал қыздар арасынан Айша (477) есімі көш бастап тұр. Мұхаммед (272) пен Асылым (468) есімдері екінші орында тұрса, Омар (219) мен 4 ай бұрын тізім басында тұрған Медина (444) есімі үздік үштікті түйіндеп тұр.
Статистика бойынша, ұлдардан да, қыздардан да үздік ондықтың 50 пайызын араб есімдері құраған. Дәлірек айтсақ, ұлдардан: Алихан (276), Мұхаммед (272), Омар (219), Амир (218), Айсұлтан (217), Мухаммад (204), Алан (192), Алдияр (186), Нұрислам (182), Али (167) есімдері алдыда. Ал қыздардан: Айша (477), Асылым (468), Медина (444), Айлин (405), Томирис (271), Раяна (251), Аяла (234), Амина (225), Айым (224), Сафия (223) есімдері алғашқы ондықта.
Айта кетейік, 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстанда 189,5 мың бала өмірге келді: 98 мың ұл, 91,5 мың қыз бала. Бір жыл ішінде жаңа туған нәрестелер санының төмендеуі 4,3% (8,6 мың), екі жылда 12,3% (26,7 мың) құрады.