Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
20 қыркүйек, 2023 / NewsRoom / Жаңалықтар

Қазақстан банктерінің табысы бір жылда 84% көбейіп, 1,2 трлн теңге болды

ҚР банк секторына шолу

Қазақстан банктерінің табысы бір жылда 84% көбейіп, 1,2 трлн теңге болды
Ғаламтор желісінен

Халықаралық рейтингтік агенттіктер Қазақстандағы екінші деңгейлі банктерді тұрақты түрде бағалайды. Өткен тамыз айының қорытындысы бойынша, агенттіктер қазақстандық үш банктің рейтингін жаңартты, бірақ нәтиже барлығы үшін әртүрлі, деп хабарлайды newsroom.kz.

Соңғы жылдары халықаралық рейтингтік агенттіктер ҚР банк секторының тұрақтылығы мен сенімділігіне оң баға береді. 4 қыркүйекте S&P Global Ratings рейтингтік агенттігі елдің тәуелсіз несиелік рейтингін талдау аясында Қазақстанның жаңартылған шолуын жариялады. Несие рейтингі «BBB−» және «Тұрақты» болжамы өзгеріссіз қалды. Шолуда сарапшылар Қазақстанның қаржы секторындағы активтер сапасының айтарлықтай жақсарғанын атап өтті. Экономикалық өсуге және елдің банк секторына геосаяси факторлардың әсері қалыпты деп бағаланады, қаржылық тұрақтылыққа төнетін тәуекелдер бақылауда.

ҚР-ның барлық ЕДБ пруденциалдық нормативтерге сәйкес келетінін және меншікті капитал түріндегі маңызды қауіпсіздік қорына ие екенін атап өткен жөн. Банктердің меншікті капиталы жыл басынан бері 13,6% өсіп, шілденің аяғында 5,9 трлн теңгеге жетті. 2023 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша, негізгі капиталдың жеткіліктілік коэффициенті (k1) 18,8%, меншікті капиталдың коэффициенті (k2) 21,5%. Бұл көрсеткіштер заңнамада белгіленген стандарттардан айтарлықтай асып түседі және банк секторындағы ықтимал тәуекелдерді жабуды қамтамасыз етеді.

Өз кезегінде, ҚР ЕДБ жоғары өтімді активтері 14 трлн теңгені немесе активтердің 30%-ын құрады, бұл банктерге клиенттер алдындағы өз міндеттемелеріне толық көлемде қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.

Негізгі көрсеткіштерден басқа, ҚР ЕДБ тиімділігінің өсуімін атап өтуге болады. Банк секторының кірісі 1,2 трлн теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 84,1% көбейген. Активтердің кірістілігі (ROA) бір жылда 3,1%-дан 4,63%-ға, ал меншікті капиталдың кірістілігі (ROE) 25,2%-дан 37,6%-ға дейін өсті.

Осылайша, халықаралық рейтингтік агенттіктердің оң бағалары банктердің ішкі көрсеткіштерімен де расталады.

2023 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша, ҚР-да 21 банк жұмыс істейді, олардың 11-і шетелдің қатысуымен, оның ішінде 8 еншілес ұйым ЕДБ және 100% мемлекеттің қатысуымен 2 банк бар.