Қытайдың жаңа ұлттық картасы көршілерін наразы етті
Қытайдың жаңа ұлттық картасы көршілерін наразы етті
Қарсылық білдірген елдердің ішінде Үндістан бастаған бірнеше ел бар. Ал Ресей үнсіз, деп хабарлайды newsroom.kz.
Қытай Оңтүстік Қытай теңізінің көп бөлігіне, сондай-ақ Үндістан мен Ресей жеріне таласы барын білдіретін жаңа ресми картаны шығару арқылы Азия-Тынық мұхит аймағындағы көптеген елді ренжітті. Бұл не деген карта және ол адамдарды неге сонша қынжылтып отыр?
Қытайдың неге таласы бар?
Дүйсенбіде Қытайдың Табиғи ресурстар министрлігі жаңа "стандартты" ұлттық картаны шығарды. Онда Оңтүстік Қытай теңізі толықтай және Ресейдің Үлкен Уссурийск аралы Қытайдың территориясы ретінде көрсетіліпті. Осы тұста айта кетсек, Мәскеу мен Бейжің бұл аралды бөлу туралы келісімге шамамен 20 жыл бұрын қол қойған екен. Сонымен қатар, картада Үндістан мен Қытайды көптен бері дауластырып келе жатқан Аруначал-Прадеш штаты мен Доклам үстірті де Қытай шекарасының ішіне енгізілген. Бұған қоса, онда Қытай өзі бақылайтын, бірақ Үндістанның таласы бар Ақсай шыңын да өз жері деп белгілеп отыр.Көрші елдердің реакциясы
Бейжіңнің Оңтүстік Қытай теңізіне тұтастай таласы Қытайды Индонезия, Вьетнам, Малайзия, Бруней және Филиппинмен шиеленіске әкелді. Бұл елдердің барлығы – бәсекелес талаптарға ие. 1962 жылы Қытай мен Үндістан шекара үшін соғысты және осы диспут Ладак аймағында ондаған мың үнділік және қытайлық сарбаздар арасындағы үш жылға созылған тайталасқа себеп болды. Ал 2020 жылы Гималай өңірінде қақтығыс болып, 20 үндістандық және төрт қытайлық қаза тапты. Карта жарияланғаннан кейін, Үндістан Қытайдың талаптарын негізсіз деп атап, оған бірінші болып жауап қайтарды."Қытай тарапының мұндай қадамдары шекара мәселесін шешуді қиындатады", – дейді Үндістан Сыртқы істер министрлігінің өкілі Ариндам Багчи.Содан кейін Малайзия Қытайдың "біржақты талаптарын" қабылдамайтынын ескертіп, бұл картаның өзі үшін "міндетті емес" екенін мәлімдеді. Вьетнам, Тайвань, Индонезия, Филиппин үкіметтері де Қытайға наразылық білдірді. Вьетнам Қытайдың таласы оның Парасель және Спратли аралдары бойынша егемендігі мен территориялық суларындағы юрисдикциясын бұзады деп біледі. Сонымен қатар, Вьетнам әлгі картаны Біріккен Ұлттар Ұйымының Теңіз құқығы туралы конвенциясына қайшы деп атап, оны жарамсыз етуге шақырды. Айта кетсек, Ханой шілдеде әйгілі "Барби" фильміне тыйым салды. Өйткені онда Қытайдың даулы талаптарын көрсететін карта байқалған. Қытай өзінікі деп санайтын Тайвань аралы да Бейжіңнің Оңтүстік Қытай теңізі талаптарын жоққа шығарып отыр. Территориялық даулар кейде тікелей қарсылыққа алып келеді. Бір аптадан сәл астам уақыт бұрын филиппиндік катерлер Оңтүстік Қытай теңізінің даулы бөлігінде қытайлық жағалау күзетінің блокадасын бұзып өтіп, филиппиндік теңіз сақшыларына (даулы аймақты қорғайтын) жүк жеткізіп берді. Аталған картаға берген жауабында Филиппин Сыртқы істер министрлігі БҰҰ-ның Теңіз құқығы туралы конвенциясына және Гаагадағы арбитраждық соттың 2016 жылғы шешіміне сілтеме жасап, Қытайдың бүкіл Оңтүстік Қытай теңізіне іс жүзінде шағымын жарамсыз деп жариялады. Ресей әзірге үнсіз. Айта кету керек, Мәскеу үшін Украинадағы соғыста Қытайдың қолдауы үлкен маңызға ие.