Жаңалықтар

Инвестиция табыс әкеле ме? Астана рекорд жаңартты

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың былтырғы «Әділетті мемлекет. «Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауында «инвестиция» сөзі 16 рет айтылған. Осыған қарап біздің мемлекеттің инвестиция мәселесіне қаншалықты көңіл бөліп отырғанын аңғаруға болады. «Жалпы, инвестиция тарту жұмысын жүйелі жүргізу керек. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған басты міндеттің бірі» деген Мемлекет басшысының тапсырмасын жергілікті әкімдіктер де ерекше назарға алып, түрлі жобалар мен жүйелі жұмыстарды жүргізуде. Мәселен, еліміздің бас қаласы – Астанада капитал ағыны үшін қолайлы инвестициялық ахуал құру бойынша жоспарлы жұмыс жүріп жатыр. Оның жұмысы туралы коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қаланың Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Сапаров айтып берді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасаған newsroom.kz порталы. 2022 жылы 1 трлн 462 млрд теңге көлемінде рекордтық инвестиция тартылыпты, бұл өткен жылмен салыстырғанда 13,5%-ға көп екен. Бұл көрсеткіш бойынша елорда негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі бойынша тау-кен өндірмейтін өңірлер арасында көшбасшы орын алады. «Осы жылдың алғашқы 7 айында негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 678,5 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9,6%-ға көп. Тікелей шетелдік инвестицияларға келетін болсақ, 2022 жылы елордаға 2,2 млрд доллар тартылды, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 2 есе көп (1085,2 млн доллар). Бұл көрсеткіш бойынша Астана Атырау облысы мен Алматы қаласынан кейін 3 орында. Осы жылдың 1 тоқсанында тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 455 млн долларды құрады, бұл 2022 жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда 75%-ға артық», - деді Қ.Сапаров. Шетелдік инвестициялардың негізгі көздері – Нидерланд, Бельгия, АҚШ, Швейцария, Ресей, Оңтүстік Корея және басқа елдер көрінеді. Елордада «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін және жобаларды сүйемелдеуді жүргізетін «Астананы дамыту орталығы» фронт-офисі жұмыс істеудн. «Astana Invest» мамандары да көмек көрсетеді. Бұл – елорданың арнайы экономикалық аймақтарының басқарушы компаниясы екен. Инвесторлар өз қызметінің сипаты мен саласына байланысты әртүрлі нысандарда мемлекеттік қолдау ала алады. Осындай нысандардың бірі – инвестициялық келісімшарт немесе инвестициялық келісім негізінде берілетін инвестициялық преференциялар. Инвестициялық келісімшарт механизмі жер учаскелерін беру, кедендік баждар мен салықтардан босату және шетелдік жұмыс күшін тарту мүмкіндігі сияқты бірқатар жеңілдіктерді қарастырады. Сондай-ақ жақында жаңа қолдау құралы енгізілді, бұл 25 жылға дейінгі мерзімге жасалатын және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген барлық жеңілдіктерді білдіретін инвестициялар туралы келісім. Бұл жеңілдіктерді алудың басты шарты – жобаның Үкімет бекіткен басым қызмет түрлерінің тізбесіне сәйкестігі болып келеді. Қолдаудың тағы бір түрі – «Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы» заңнамаға сәйкес берілетін жеңілдіктер. Олар «Астана – жаңа қала» және «Астана-Технополис» арнайы экономикалық аймақтарының қатысушыларына ұсынылады. Бұл артықшылықтар инвесторларға жер учаскелерін, кейбір салықтар мен кедендік баждардан босатуды және шетелдік жұмыс күшін жұмысқа тартудың жеңілдетілген тәртібін ұсынады. Яғни Жолдауда жазылған «барлық инвестициялық міндеттемесін адал орындайтын кәсіпорындар да бар. Оларға арнайы экономикалық аймақтан жер телімін жеке меншікке беру мәселесін шешу қажет» деген тапсырма орындалуда. «Астана даму орталығы» және «Astana Invest» фронт-офистері жоғарыда көрсетілген қолдау шараларын өтеусіз және жан-жақты көмек көрсетеді. Елорда экономикасына ықтимал қайта инвестициялау үшін жер учаскесін ресімдеуден бастап, объектілерді пайдалануға бергеннен кейін жобаларға байланысты барлық мәселені шешуге көмектеседі. Одан бөлек, әрбір жобаға нақты менеджер бекітіліп, қадамдық жол картасы жасалып, нақты уақыт режимінде жобалар бойынша мониторинг жүргізуге және іске асыру барысын бақылауға мүмкіндік беретін «Инвестициялық жобалар картасы» электрондық жүйесі іске қосылған. Сонымен қатар, апта сайын барлық мемлекеттік мекемелердің, коммуналдық қызметтердің және басқа да мүдделі тұлғалардың қатысуымен жұмыс кеңестері өткізіледі, онда инвестордың әрбір мәселесі жеке қаралады, пәрменді шешімдер қабылданады, осылайша, инвестордың бірде-бір бастамасы немесе проблемасы әкімдіктің назарынан тыс қалмайды екен. Сондай-ақ, индустриялық парктер жұмысының оң әсерін атап өткім келеді деген Қ.Сапаров «бүгінгі таңда № 1 Индустриалды парк толығымен толы. Бөлінген бюджет қаражаты салынған инвестициялар есебінен 6,6 есе салық түрінде өтелді. Қазір жалпы ауданы 409 га болатын 150 жобаға арналған осындай екінші парткті құру бойынша жұмыс жүргізілуде. Құрылысты бастау 2024 жылға, ал 1-кезекті іске қосу 2025 жылға жоспарланған» деп атап өтті. Оның айтуынша негізгі басым бағыттар: машина жасау, химия, металлургия, тамақ, жеңіл өнеркәсіп, құрылыс индустриясы, ағаш өңдеу, фармацевтика, қойма шаруашылығы және IT технологиялар екен. Бүгінгі таңда инвестициялық жобалардың бірыңғай пулы құрылған. Қазіргі кезде инвестициялардың жалпы сомасы шамамен 1,1 трлн. теңге болатын 163 жобаны қамтитын 15,9 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын құрумен Астана қаласының инвестициялық жобалардың бірыңғай пулы құрылыпты. NEWSROOM AQPARAT