Бір ай ішінде республикада пәтерақы бағасы 4,2%-ға өскен. Жалпы баспананы жалға алу бағасының қымбаттауын маусымдық ерекшелік деп қабылдаған дұрыс па? Тұрғын үй нарығындағы қазіргі ахуалдың қандай екенін
inbusiness.kz тілшісі анықтап көрді, деп хабарлайды
newsroom.kz.
Экономист Мақсат Халық елімізде пәтерді жалға алу құны былтырдан бастап қатты өсе бастағанын алға тартып, бұл процеске айтарлықтай әсер еткен негізгі фактор – Ресейдегі мобилизациядан қашқан азаматтардың Қазақстанға келуі екеніне тоқталды.
Жаңа оқу жылының басталуына бір ай уақыт қалды. Білім алуға асыққан студенттердің қалаға ағылатыны түсінікті. Маусым айында Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев елімізде 70 мыңнан аса студентке жатақханада орын тапшы екенін мәлім еткен болатын.
Осыған орай экономист Мақсат Халық мұндай жағдайда пәтерді жалға алу құнының құбылуын қалай тұрақтандыруға болатынын айтты.
"Мысалы, Алматыны студенттер қаласы деп айтамыз ғой. Бізде жатақханалардың жетіспеушілігі өз алдына, пәтер іздеп кететін студенттеріміз өте көп. Осы тұрғыдан қарағанда сұраныс бола береді. Бұған байланысты айтылып жатқан ұсыныстар да бар. Негізінен жеке меншік университеттерді Қонаев қаласына көшіріп, бір жағынан мегаполисті студенттердің көбейіп кетуінен, үйлерді жалдау бағасының қымбаттауына ықпал етуден және транспорттық үлкен ауыртпашылықты белгілі бір дәрежеде жеңілдетуге болады деген ұсыныстар айтылып келеді. Бірақ енді бұл процесс жүзеге асқанша әлі біраз жыл бар сияқты", – деп есептейді.
Сонымен қатар экономист бастапқы және қайталама нарықтағы пәтерлердің ахуалына да тоқталды.
"7-20-25", "Баспана хит" және өзге де мемлекеттік бағдарламаларды шектеп жатқанын байқап отырмыз. Бұл процестің өзі де жақсы әсерін тигізіп жатқан жоқ. Өйткені мұндай бағдарламалардың тапшылығы қоғамда наразылық туғызып жатыр. Үкімет болса жаңа бағдарлама ұсынып бере алмай отыр. Өйткені нарықтың пайыздары өте жоғары. Қазір базалық мөлшерлеменің өзі 16,75%. Ондай пайыз тұрған кезде мемлекет қандай бағдарлама жасаса да, ол тиімсіз болады. Нарықта осындай қиындықтар бар. Тағы бір фактор – зейнетақы қорынан жинақтарды аудару. Көптеген азамат зейнетақы қорында жатқан артық қаржыны алып, тұрғын үй сатып ала бастады. Бұл да баспана нарығында бағаны өсіріп жіберді. Сондықтан осы мәселелердің бәрі бүгінгі қымбатшылыққа әсерін тигізді деуге негіз бар. Енді осы жағдайдың бәрін үкімет реттеуге күш салуы керек. Бұл бірінші кезекте тұрғын үйдің нақты өзіндік құнын анықтау және құрылыс компанияларын нарықта көбейту бағытында болуға тиіс", – деп түсіндірді спикер.
Мақсат Халықтың сөзінше, нарықта бәсеке туғызатын құрылыс компанияларының саны көп емес, осының салдары үй бағасының қымбаттауына ықпал етіп отыр.
"Одан кейін мемлекет тарапынан қойылатын бюрократиялық кедергілер бар. Көптеген құрылыс компаниясы кейде өздері де осыны ашынып айтады. Мәселен, олар жерді сатып алып, оның мақсатты бағыттылығын өзгертіп, үйді эксплуатацияға шығарғанға дейін қаншама бюрократиялық кедергілерге ұшырайтынынайтып отыр. Тиісінше үйді жоспарланған мерзім бойынша уақытында аяқтай алмай, оның мерзімі созылып кететіні бар. Бұл – қосымша еңбек шығыны. Уақыттың ұзарғанына байланысты шаршы метр бағасы да өсе береді деп отыр. Сондықтан да үкімет бұл фактордың бәрін жоюдың әрекетін жасауы керек. Сонда белгілі бір дәрежеде баға тұрақталады", – деді сарапшы.
Қазіргі таңда екінші нарықтағы үй бағасының біршама төмендегенін байқауға болады.
"Бастапқы нарықта өте көп ірі компаниялардың үйлерін сата алмай отырғаны байқалады. Олар "үй сатып алсаң, паркинг тегін" дегендей түрлі акцияларға көше бастады. Осындай қадамдарға барып жатқанның өзі белгілі бір деңгейде қазір тұрғын үй нарығында сұраныс бұрынғыдай емес екенін көрсетеді. Сұраныс дегеніміз не? Ол – төлем қабілеті бар тұтынушы. Қазіргі уақытта мұндай тұтынушылар жоқтың қасы болып қалды деуге негіз бар. Өйткені үй бағасы қымбат, зейнетақы қорынан ақшаны шешіп алып төлейтін азаматтар баспаналарын алып алған. Қазір зейнетақы қорынан артық қаражатын алып жатқандар бар. Бірақ оны "Отбасы банкке" аударып қана қойып отыр. Олар әлі үй сатып алу үшін 3 жылдай қаржы жинақтауы керек", – деді сарапшы.
Көптің көкейінде жүрген сауал қай кезең баспаналы болуға қолайлы деген сауалды да қойып көрдік. Айтуынша, пәтер сатып алуға ыңғайлы уақыт – нарықта сұраныстың ең аз болатын кезі.
"Сұраныс аз кезде таңдау көп. Қазір сатып алуға ыңғайлы уақыт деуге негіз бар. Жалпы күзде және жаңа жылдың уақытында көп азамат баспаналы болып қалайық деп қаражат жинап қамданады. Ол кезде сұраныстың артатыны бар, баға да кішкене қолайсыз болуы мүмкін. Қаржыгердің "бәрі сатып жатқан кезде мүлкіңді сатпа, бәрі сатып алып жатқан кезде сатып алма" деген заңы бар. Сол себепті әр кезде әліптің артын бағу керек", – деді Мақсат Халық.
Экономистің пайымынша, бүгінгі таңда қазақстандықтардың үйдің бағасы әлі де түсуі мүмкін деген үмітте.
"Өйткені үйлерін сатуға қойып жатқандардың кейбірі сұраныстың, тіпті қоңырау шалып, сұрап жатқандардың жоқ екенін айтады. Бұл нені көрсетеді? Азаматтарда ақша мүлдем жоқ емес бар. Бірақ олар әлі де баға түсуі мүмкін деп күтіп отыр. Ал бұл, шын мәнінде, үйлердің бағасының біраз төмендеуіне әкеп соқтыруы мүмкін", – деді экономист.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Қазақстанда бір жылда жаңа тұрғын үй нарығындағы пәтерлер 5%-ға қымбаттады. Ең жоғары жылдық өсім Павлодарда тіркелді. Антилидерлер үштігінде Ақтау мен Семей қалалары бар. Қайталама нарықтағы үйлердің құны бір жыл ішінде 1,9 пайызға, тұрғын үйді жалға алу 26,8 пайызға өсті. Екінші нарықтағы үйлер Семей, Ақтөбе, Қызылорда, Қостанайда ең көп қымбаттаған. Жалға берілетін пәтерлер бағасы бір жылда Көкшетау, Петропавл, Ақтау және Алматыда айтарлықтай өскен.