Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
2 мамыр, 2023 / NewsRoom / Жаңалықтар

Елордада “Жасыл ел” жобасының ашылуы өтті

Елордада “Жасыл ел” жобасының ашылуы өтті

Елордада “Жасыл ел” жобасының ашылуы өтті
ашық дереккөзі
Астана қаласында Кәсіптік-техникалық колледжде «Жасыл ел» жобасының ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды newsroom.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап. “Мен жастарға сенемін” деп Мағжан Жұмабаевша жырлау артықтық етпес. Қоғам бар жерде, түрлі жағдай бар. Ал қай кезде де жұмыссыздық жастардың басты проблемасы болып қала бермек. Алайда президенттің тапсырмасымен, үкіметтің қолдауымен игі шаралар оңынан шешілуде. Өйткені ертеңіміз жастар. Болашаққа бағдар болсын десек, жастардың қалыптасуына барынша қоғам болып атсалысқан дұрыс. Мәселен 2005 жылдан бастап «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары бағдарламасы Республиканың барлық өңірінде және Астана қаласы бойынша жүзеге асырыла бастады. Аталмыш бағдарлама он сегіз жыл ішінде көптеген жастың Отанға деген сүйіс­пеншілігін оятып, елімізді жа­сыл желекке айналдыру мақса­тын­да олардың жалын-жігерін, күш-қуатын бір арнаға тоғыстыра алды. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген философияны өс­ке­лең ұрпаққа ұғындырып, жазғы де­малыстарын босқа өткіз­бей, жұ­мыс істеп, қосымша қаржы табуға мо­лынан мүмкіндік тудырды. Уа­қыт өткен сайын жалпыұлт­тық ба­с­тамаға үн қатып, қолдау біл­діру­ші студенттердің, жалпы жас­тардың қатары артып келеді. «Ағаш ек, гүл ек, туған жерді түлет» немесе «бір тал кессең, он тал ек» деп ата-ба­ба­мыз бекер айтпаса керек. Жасыл желек – жан саясы. Қай дамыған мем­лекетті алып қарасаңыз да, жас­тардың белсенділігі өте жо­ғары еке­нін көріп, бар шаруа жас­тардың жұ­мыла қатысуымен бітетіні бел­гілі. Сондықтан да елі­міз­дің гүлденуі үшін, озық мем­лекет­тердің қатарынан орын алуы үшін барлық адам жұмыла жұмыс жасағаны абзал. Бұл бағдарламадағы басты ба­ғыт – табиғатты қорғау, экология­ны сақтауға ғана емес, жас­тардың тәр­биесі мен еңбекке баулу. Бағ­дар­ламаның тағы бір тиімді тұсы – жас­тарды еңбекке тарту.
«Бұл бағдарламаға 14 жастан бастап мектеп оқушылары, студенттер және 35 жасқа дейінгі жұмыссыз жастар қатыса алады. Қатысушыларға 65 мың теңге көлемінде сыйақы төленеді. Жастар қаламыздың саябақтарында, құрылыс нысандарында, «Жасыл белдеуде» еңбек етеді», – деді Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасының бөлім басшысы Атымтай Бағдат.
Астана қаласы «Жасыл ел» штабы Республика бойынша еңбек ету және сарбаздарды жұмыспен қамту жағынан оң нәтиже көрсетуде. Жыл сайын «Жасыл ел» сарбаздары қатарында жұмыс істеуге қызығушылық танытқан жастардың саны артып келеді. Олар қаламыздың құрылыс нысанында әртүрлі санаттағы шеберлердің (құрылыс инженерлері, технологтар, монтаж-құрылыс жұмыстарының шеберлері) көмекшісі қызметін, қала маңындағы «Жасыл белдеуде» ағаш отырғызу, талдар мен көшеттерді қопсыту және суару, ағаштар мен көшеттерге күтім жасау жұмысы арқылы табиғат пен қала келбеті үндестік тапқан бірегей экожүйенің қалыптасуына және қала саябақтарының жасыл желегінің күтімімен айналысып, тазалық жұмысын жүргізетін болады. «Бүгінгі ашылу салтанатымен қатар, Кәсіптік-техникалық колледжінің аймағында ағаш отырғызу шарасы да өткізіліп отыр», – деді «Жасыл ел» жобасының жетекшісі Абдурашид Асылбек. Биыл аталған жоба аясында 4200 жасөспірімдер мен жастарды қамту көзделген, олардың қатарында көпбалалы, әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар да бар. Жобаға қатысатын жастардың барлығы арнайы экипировкамен қамтамасыз етіледі. Жазғы еңбек маусымында жастарды жұмыспен қамтуға «Базис-А» құрылыс компаниясы, «Астана көгалдандыру құрылысы» АҚ, «Астана орманы» ЖШС, 100-ден білім беру мекемелері, 20-ға жуық колледж және 10-нан астам жоғару оқу орындары серіктес болуға келісім беріп отыр. Жобаға қатысуға өтінім қабылдау 20 мамырға дейін жүргізіледі. Мектеп оқушылары өз мектебіне жүгінуі тиіс.