Әйелдің нумеролог болып жұмыс істейтіні анықталды
Үй алып беремін деген желеумен астаналық тұрғындарды сан соқтырған алаяқ құрықталды, деп newsroom.kz хабарлады Elorda.info Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Байқоңыр ауданының ПБ қызметкерлері бірқатар алаяқтық жасады деген күдікпен 67 жастағы Өзбекстан Республикасының азаматшасын анықтады. Әйелдің алаяқтық жолмен Астана тұрғындарының ақшалай қаражатын иемденгені анықталды. Қазіргі уақытта оның ұқсас қылмыстың 32 эпизодына қатысы бар екендігі белгілі болды.
Тергеу барысында, әйелдің Иманов көшесіндегі бизнес-орталығында нумеролог болып жұмыс істейтіні анықталды. Күдікті келген клиенттеріне тек нумерология бойынша қызмет көрсетіп қана қоймай, еш қиындықсыз пәтер алуда көмегін ұсынған. Ол әкімдікте таныстарым жұмыс істейді деген сылтаумен, комиссиядан кедергісіз өткізіп беремін деп уәде берген. Күдікті осылайша адамдардың сеніміне кіріп, алдау арқылы қала тұрғындарының 400 мыңнан 15 млн теңгесіне дейін түрлі сомада ақшаларын иемденген. Әйелге қатысты ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Күдікті Астана қаласы ПД уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сондай-ақ елорда аумағында жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталып жатыр. Астана қаласының полиция департаменті қырағы болуға, бейтаныс, танымайтын адамдарға ақша бермеуге, күмәнді ұсыныстарға сенбеуге кеңес береді.