Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
17 мамыр, 2023 / NewsRoom / Жаңалықтар

Түркістанда білім іздеген жастарға жаңа мүмкіндіктер ашылуда

Түркістанда білім іздеген жастарға жаңа мүмкіндіктер ашылуда

Түркістанда білім іздеген жастарға жаңа мүмкіндіктер ашылуда
ашық дереккөзі
Тәуелсіздік жылдарында мемлекетіміз жастарды қолдауға басымдық беріп, осы бағытта көптеген шараны жүзеге асырды. Әлі де жалғасын тауып келе жатыр. Соңғы уақытта ел жастарына көңіл бөлу, оларды барынша жан-жақты қолдау ісі ерекше қарқын алуда. Ел президентінің тапсырмасы да солай. Жастарға қолдау жасау, болашақты бағдарлаумен бірдей десек артық айтқандық емес. Оңтүстік өңірлердегі ауыл жастарын кадр тапшылығы бар аймақтарда білім беріп, жұмысқа орналастыруға бағытталған “Серпін” бағдарламасының бүгінде тиімділігі артқан. Мәселен, бұрын оқу бітіруші студент осы кезге дейін өзі оқыған аймақта 3 жыл жұмыс істеуі керек деген талап болса, қазір еліміздің 11 облысының кез келгенін таңдау құқығына ие. Өзгерістерге байланысты өтеу мерзімі де 2 жылға қысқартылып отыр. Мемлекеттік гранттар Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Абай, Павлодар, Қарағанды және Қостанай облыстарындағы университеттерге бөлінеді, деп хабарлайды newsroom.kz. Жуырда Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің қызметкерлерінен жұмысшы топ құрылған болатын. Қазіргі таңда олар Семей қаласының жоғары оқу орындарында білім алып жатқан студенттермен кездесулер өткізуде, деп хабарлайды newsroom.kz. Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Студенттер мемлекеттік бағдарламаның тиімділігі жайлы сұхбаттасып, жатақханалардың жағдайымен танысу үстінде. Түркістандық топ құрамының әуелгі сапары Әлихан Бөкейхан университетінен басталды. Кәсіби дағдыларды дамыту мен сапалы академиялық бағдарламалар аясында 3 факультет және 9 кафедра жұмыс істейді. Ал 2011 жылдан бастап “Әскери кафедра” өз ісін бастады. Жалпы бакалавриат – 32, магистратура – 20, PhD докторантура бойынша – 6 білім беру жоспары қамтылған оқу орнына тегін оқуға жастар “Серпін” бағдарламасы арқылы қол жеткізе алады. Сондай-ақ мұнда қажетті құралдармен жабдықталған және қолайлы жағдайлар жасалған 500 орындық “Студенттер үйі” бар. Пікіралмасулар нәтижесінде аталған университет пен облыстық «Жастар ресурстық орталығы» арасында меморандум түзіліп, келіссөздер жүргізілді. Еске салсақ, Түркістан облысының белсенді жастары елді мекендерді аралап, мемлекеттік бағдарламалар жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Ауыл-аймақтағы NEET санатындағы және жұмыссыз жастар, колледж студентері және мектеп бітірушілерін ақпараттармен таныстыруда. Ендігі кезекте Семей өңіріне сапарлаған топ құрамы “Серпіннің” жаңа мүмкіндіктері мен солтүстік аймақтардағы таңдаулы жоғары оқу орындары туралы мәліметтерді кеңінен насихаттауды жоспарлауда. Өкіншке қарай, 2014 жылы іске қосылған “Серпін – 2050” “Мәңгілік ел жастары – индустрияға” мемлекеттік бағдарламасына бөлінген гранттар соңғы жылдары толық игерілмеуде. Мәселен, 2018 жылы 5089 грантқа 3426 студент қабылданса, 2019 жылы бөлінген 5109 орынға 2292 мектеп түлегі түскен. 2020 жылы 5107 грантқа 979 ғана студент қызығушылық танытқан. 2021-2022 оқу жылына 5156 квота беріліп, 2102 жас грант иегері атанған. Бағдарлама аясында 2018-2021 жылдары аралығында 7707 студент оқуын аяқтап, оның ішінде 5526 жас жұмысқа орналастырылды. Биыл бөлінетін грант саны маусым айында белгіленеді. Кейінгі түсіндірме жұмыс Ахмет Ясауи университетінде мектеп бітіруші түлектеріне жүргізілді. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі тапсырмасына сәйкес, оқу орындарының көрмесіне еліміздегі 18 университеттің өкілдері қатысты. Көрмеде Батыс Қазақстан, Қарағанды, Екібастұз, Көкшетау, Атырау және т.б өңірлерден келген жоғары оқу орындарының қызметкерлері өздерінің білім ордаларын таныстырып, талапкерлердің сауалдарына жауап берді. “Бұл бағдарламаға 2023 жылдан бастап жаңа жүйелер енгізіліп жатыр. Осы уақытқа дейін “Серпін” бағдарламасы бойынша талап өзгеріп еңбек өтеу мерзімін азайтып, екі жыл жұмыс істеу міндеттелді. Сондай-ақ, жас мамандар тек оқыған өңірінде ғана емес, солтүстік, батыс және шығыс өңірлеріне қарасты 11 аймақта жұмыс істеуіне болады. Бүгінде 2023-2024 жылғы оқу жылдарына 3 653 грант бөлініп отыр. “Серпін” бағдарламасына көбінесе Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстарының түлектері қызуғушылық танытуда. Айта кететіні, биыл 1 қыркүйектен бастап шәкіртақыны бакалавр студенттеріне 20 пайызға, магистратура студенттеріне 15 пайызға дейін өсіру жоспарлануда”,- деді ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетінің бас сарапшысы Әділбек Мансуров. Еске сала кетсек, білім беру гранттары туралы ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын тиісті деңгейде жүргізу мақсатында ағымдағы жылдың 17-20 мамыр аралығында Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстарына жұмыс сапары жоспарланған. Еске сала кетсек, Мемлекет басшысының «Қазақстан-2050» стратегиясында дамыған 30 елдің қатарына қосылу үшін білікті мамандар даярлау мәселесі өзекті  екендігі айтылады. Осыған орай, ҚР Үкіметі жастар мәселесіне арнап “Мәңгілік ел жастары - индустрияға!” “Серпін” атты жобасын ұсынған болатын.