Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
17 мамыр, 2023 / NewsRoom / Жаңалықтар

Түркістан: «Серпінге» серпіліс керек

Түркістан: «Серпінге» серпіліс керек

Түркістан: «Серпінге» серпіліс керек
ашық дереккөзі
Оңтүстік өңірлердегі ауыл жастарын кадр тапшылығы бар аймақтарда білім беріп, жұмысқа орналастыруға бағытталған «Серпін» бағдарламасының бүгінде тиімділігі артқан. Мәселен, бұрын оқу бітіруші студент осы кезге дейін өзі оқыған аймақта 3 жыл жұмыс істеуі керек деген талап болса, қазір еліміздің 11 облысының кез келгенін таңдау құқығына ие. Өзгерістерге байланысты өтеу мерзімі де 2 жылға қысқартылып отыр. Мемлекеттік гранттар Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Абай, Павлодар, Қарағанды және Қостанай облыстарындағы университеттерге бөлінеді, деп хабарлайды newsroom.kz. Жуырда Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің қызметкерлерінен жұмысшы топ құрылған болатын. Қазіргі таңда олар Семей қаласының жоғары оқу орындарында білім алып жатқан студенттермен кездесулер өткізуде. Мемлекеттік бағдарламаның тиімділігі жайлы сұхбаттасып, жатақханалардың жағдайымен танысу үстінде. Түркістандық топ құрамының әуелгі сапары Әлихан Бөкейхан университетінен басталды. Кәсіби дағдыларды дамыту мен сапалы академиялық бағдарламалар аясында 3 факультет және 9 кафедра жұмыс істейді.   Ал 2011 жылдан бастап «Әскери кафедра» өз ісін бастады. Жалпы бакалавриат – 32, магистратура – 20, PhD докторантура бойынша – 6 білім беру жоспары қамтылған оқу орнына тегін оқуға жастар «Серпін» бағдарламасы арқылы қол жеткізе алады. Сондай-ақ мұнда қажетті құралдармен жабдықталған және қолайлы жағдайлар жасалған 500 орындық «Студенттер үйі» бар. Пікіралмасулар нәтижесінде аталған университет пен облыстық «Жастар ресурстық орталығы» арасында меморандум түзіліп, келіссөздер жүргізілді. Еске салсақ, Түркістан облысының белсенді жастары елді мекендерді аралап, мемлекеттік бағдарламалар жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Ауыл-аймақтағы NEET санатындағы және жұмыссыз жастар, колледж студентері және мектеп бітірушілерін ақпараттармен таныстыруда. Ендігі кезекте Семей өңіріне сапарлаған топ құрамы «Серпіннің» жаңа мүмкіндіктері мен солтүстік аймақтардағы таңдаулы жоғары оқу орындары туралы мәліметтерді кеңінен насихаттауды жоспарлауда. Өкіншке қарай, 2014 жылы іске қосылған «Серпін – 2050» «Мәңгілік ел жастары – индустрияға» мемлекеттік бағдарламасына бөлінген гранттар соңғы жылдары толық игерілмеуде. Мәселен, 2018 жылы 5089 грантқа 3426 студент қабылданса, 2019 жылы бөлінген 5109 орынға 2292 мектеп түлегі түскен. 2020 жылы 5107 грантқа 979 ғана студент қызығушылық танытқан. 2021-2022 оқу жылына 5156 квота беріліп, 2102 жас грант иегері атанған. Бағдарлама аясында 2018-2021 жылдары аралығында 7707 студент оқуын аяқтап, оның ішінде 5526 жас жұмысқа орналастырылды. Биыл бөлінетін грант саны маусым айында белгіленеді.