Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
19 мамыр, 2023 / NewsRoom / Жаңалықтар

«Отандастар қоры» шетелдегі қазақтарға қандай қолдау көрсетті

«Отандастар қоры» шетелдегі қазақтарға қандай қолдау көрсетті

«Отандастар қоры» шетелдегі қазақтарға қандай қолдау көрсетті
ашық дереккөзі
«Отандастар» қоры» КеАҚ президенті Абзал Сапарбекұлы ұйымның 2022 жылғы басты жетістіктерін айтып берді, деп newsroom.kz хабарлайды ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап. «Қазіргі таңда, шетелдегі қазақтардың түрлі себептермен өзінің этникалық бірегейлігінен ажырап бара жатқаны ақпарат құралдарында жиі көтеріліп жүр. Сол мекендеген елінің титулдық ұлттарының мәдениетін толықтай сіңіріп, тілін ұмытып, аккультурация мен ассимиляцияға ұшырап жатыр. Мұны ешкім жоққа шығара алмайды. Сондықтан, «Отандастар қорының» осы орайдағы міндеті – сол шетелдегі қазақтардың көзіндегі тарихи Отаны Қазақстанға деген қызығушылық отын сөндірмеу, бойларындағы өшіп бара жатқан ұлттық сана-сезімдерін ояту, дәстүрлі құндылықтарды тірілту болуы тиіс», - деді Абзал Сапарбекұлы қор жанындағы қоғамдық комиссияның отырысында. Сонымен қатар, қор басшысы сыртқы саясаттағы жұмсақ күш қағидатымен Қазақстанның жетістіктері, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты ұлттық жобалар мен бағдарламалары туралы, жалпы Қазақстанға қызығушылық пен сүйіспеншілікті арттыру бағыттары бойынша ақпараттық-консультациялық саясатты күшейту маңызды екенін айтты. 2022 жылы «Отандастар қоры» әлемнің 40-қа жуық елінде ашылған 100-ге жуық қазақ ұйымының басшыларымен және белсенділерімен кездескен. Шетелдегі қазақ ұйымдары туралы ақпараттық анықтама базасы дайындалып, ортақ чат құрылған. «Отандастар қоры» шетелдегі қазақтарға мемлекетіміздің жанашырлығын көрсету үшін сұраныстарына сай қолдау көрсетіп келеді. Өткен жылы Еуропадағы қазақ құрылтайы, Өзбекстандағы, Қырғызстандағы қарым-қатынастың 30 жылдық мерейтой шараларында бірге жұмыс істедік. Алтай қазақтарының Түркияға көшінің 70 жылдығына орай «Қазақ-түрік бауырластығы» ескерткіші ашылды, халықаралық конференция өтті. Түркияның Алания қаласында «Abai Uii» мәдени-іскерлік үйінің өкілдігі ашылды. Ресейдің Орынбор, Омбы, Астрахан қалаларында, Иранның Горгон қалаларында қандастарымызбен бірге болдық. Шетелдегі мұндай басқосуларда қазақтардың мәртбесі мен абыройын түрлі мазмұндық шаралармен көтеріп келеміз», - деді А. Сапарбекұлы. Сонымен бірге, «Қоржын» жобасы шеңберінде 2022 жылы 17 елдегі 43 қазақ ұлттық-мәдени орталығына материалдық көмек көрсетілген. «Қандастардың көңілін марқайтқан мазмұнды кездесулер елімізде де көптеп ұйымдастырылды. Солардың бірі – шетелде ұлттық өнеріміз бен құндылықтарымызды дәріптейтін өнерпаздар мен қолөнер шеберлерінің «Қасиетті қазақ елі» өнер фестивалі. Тараз қаласындағы фестивальге 145 үміткер келді. Әлемнің 10 елінде тұратын 500-ге жуық қандасымыз арасында жүлделі және ерікті шығармашылық байқаулар өтті. Домбыра курсы сияқты ерікті жобалар жалғасты. «Киелі Қазақстан» жобасында әлемнің 10 елінен келген 31 қандасымыз жаңадан құрылған Абай облысында болды. Жобаның мақсаты – олардың елдегі қазақ жастарымен және шетелден келген құрбы-құрастарымен пікір алмасып, байланыс құруы», - дейді қор басшысы. Ақмола облысында 2 аптаға созылған «Жазғы лагерьге» 10 елден 80-нен астам қазақ баласы қатысты. Биылғы жазғы лагерьге 185 бала қатысады деп жоспарланып отыр. «Қорымыздың қазақ тілін үйрету бағытындағы ағартушылық жобалары жалғасын тапты. 4 тілде жүргізілген «Онлайн қазақ тілі курсында» және әлемнің 8 еліндегі 10 қаласындағы «Офлайн қазақ тілі курсында» мыңнан астам қандас қазақ тілін тегін үйренді. Әлемнің 7 елінде қазақ тілінен дәріс оқитын 80-ге жуық мұғалім арнайы «Біліктілікті арттыру» курсынан өтті», - деді спикер. Бұдан бөлек, қандас қаламынан туындаған еңбектерге көңіл бөлінді. 2022 жылы ҚР Президенті Архивінің қолдауымен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының бұрынғы төралқа мүшелері Дәлелхан Жанымханұлының «Құжаттар жинағы» кітабы жарық көрген. Алтайдан Үндістан мен Пәкістан арқылы Түркияға жеткен айтулы көштің көзі тірі куәгері, қоғам қайраткері, 100 жасқа таяған Әбдірахман Четин Жәлелұлының «Өмір жолымдағы соңғы көш» кітабы таныстырылған. Қор жанындағы «Қандастарды ақпараттық қолдау орталығына» және 14 өңірдегі «фронт-кеңселеріне» қандастар мен шетелдегі этникалық қазақтардан түскен 6 318 өтінішке ақпараттық-консультациялық қызмет көрсетілген. Қоныс аударуға басымдыққа ие 5 өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы және қолайлы елді мекендерді таңдауға мүмкіндік беретін «Erulik.kz» веб-платформасы одан ары жетілдірілді. Өткен жылы веб-платформаның қызметін 4200-ден астам адам пайдаланған.