«Алтын түлек» олимпиадасының республикалық кезеңіне Қазақстан бойынша 3000 оқушы қатысса, оның 234-і Түркістан облысы атынан бақтарын сынады, деп Newsroom.kz хабарлайды.
Олимпиада Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде өткізіліп, «Облыстық дарынды балаларды анықтау және қолдау орталығы» мен «Зерделі» ақыл-ой дамыту мектебімен бірге ұйымдастырылды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі 10-11сынып оқушылары қатысқан жалпы олимпиада нәтижесінде Түркістан облысының 8 оқушысы – бірінші орынға, 20 оқушысы – екінші орынға, 27 оқушысы – үшінші орынға ие болды деп мәлімдеді. Сонымен қатар, 14 білімді жас арнайы мақтау қағазымен марапатталған.
Жеңімпаз атанған Камилханов Абдусамат «Stambul Aydin University» оқу орнының грантын иеленсе, Оралбек Дәурен және Оралбек Дарын Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің грантын жеңіп алды.