Биылғы Наурыз мейрамы Түркістан облысында 10 күн бойы 10 түрлі атаумен атап өтіліп, өңірде онкүндіктің алғашқы шарасы «Наурыз - тазалықтың айнасы» атауымен сенбіліктен бүгін бастау алды, деп Newsroom.kz хабарлайды.
Түркістан облысы баспасөз қызметі мәлімдемесіне сәйкес – игі бастама аясында облыстағы 17 аудан, қалада тұтастай сенбіліктер ұйымдастырылып, «Әр отбасыдан – бір ағаш» тал егу акциясы өтті. Аталмыш шарада жергілікті аудан, қала әкімдіктерінің қызметкерлері, әлеуметтік нысандар, еріктілер, қоғамдық ұйымдар, мен БАҚ өкілдері, жергілікті тұрғындар белсенділік танытып, туған жер табиғатының түрленуіне үлестерін қосты.
Сонымен қатар, Түркістан қаласында өткен сенбіліктерді Түркістан облыстық Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды басқару басқармасы, өңірлік «Жастар ресурстық орталығы» КММ-і және қалалық әкімдіктің бастамасымен «Әр отбасыдан — бір ағаш» отырғызуы акциясы аясында ұйымдастырылды.
Сенбілікке Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев қатысып, жастармен бірге ағаш отырғызу рәсімін жүргізді:
«Биылғы Наурызды облыс көлемінде 10 күн атап өту жоспарланып отыр. Бұл бастамаға облыс басшысы Дархан Амангелдіұлы қолдау білдіріп, бағыт-бағдар берді. Мұндағы мақсатымыз - мейрамды бірнеше күн абыр-сабырмен емес, Наурыздың әрбір күні мен сәтіне мән беріп, қоғамдық тұрғыдан бірігуге бағыттау. «Наурыз» мейрамының өзі тазару мен жаңарудан басталады. Сондай-ақ көктемдік тіршіліктің бастауы болған мейрам татулық, достық, бірлік, қайырымдылық пен мейірімділік сияқты жақсы қасиеттерімен ұштасады. Сол атаулы күндерге орай, алдымен табиғат ананы, айналамызды көгалдандыру, таза ұстау адамзаттың парызы екенін ұғындырғымыз келді. Осы сенбіліктердің аясында 1 миллионға жуық түп ағашын отырғызу жоспарлануда. Егу жұмыстары белсенді түрде жүргізілуде»
Атап айтқанда «Наурыз - тазалықтың айнасы» атауымен сенбіліктен бүгін бастау аясында Арыс қаласындағы тазалық шарасы «Арбат» саябағынан басталып, Тәжібаев көшесінің бойына дейін жалғасты. «Жасыл Арыс» мекемесі ағаш көшеттерін арнайы техникамен жеткізіп, қажетті құралдармен қамтыды. Мемлекеттік қызметшілер «жасыларыстықтармен» бірге дайындалған аумаққа жиынтығы 3000-ға жуық ағаш көшетін отырғызуға жәрдем беріп, арнайы техникамен жеткізілген су ағаш түптеріне құйылды. Егілген жас шыбықтар арасында қырым қарағайы, арша, айлант, сумах, қарағаш, багряник, тұт ағаштары бар. Сауран ауданында "Әр отбасыдан - бір ағаш" акциясы аясында 1600-ге тарта (сән, жапон сафорасы, шынар) ағаш отырғызылды. Ал Төлеби ауданы бойынша барлық мәдениет және спорт қызметкерлері жаппай сенбілікке шығып, тазалық жұмыстарына атсалысты. Аудандық ішкі саясат бөлімінің Жастар ресурстық орталығы КММ-сі, Ленгір қаласы әкім аппараты және Тәжік-ауған соғысының ардагерлерінің бірлесе ұйымдастыруымен Ленгір қаласы мен Жаңакүш ауылының арасындағы көше бойларына тал егілді. Жалпы сенбілікке ардагерлер, жастар, еріктілер қатысып, 150-ден астам көшет (жеміс ағаштары, қара ағаш, можжевельник) отырғызылды. Созақ ауданында наурыз айының басынан бері 11 070 түп ағаш, 2100 түп гүл көшеті отырғызылды. Бүгінгі ұйымдастырылған сенбілік барысында мекемелердің ауласына, көше бойлары мен аяқ жолдарды, саябақтарды, балалар алаңшалары мен спорт алаңшаларына тазалық жұмыстары жүргізіліп, каналдар мен бұлақтардың арналары ашылды. Аталған шара Түлкібас ауданында да жоғары деңгейде ұйымдастырылып, тұрғындар гүл егілетін жерлерді қопсытып, көшет отырғызу жұмыстарын іске асырды. Отырар ауданының тұрғындары да тазалық шарасында белсенділік танытты. Табиғат жанашырлары шара аясында 3 мыңға жуық қара ағаш көшеттерін отырғызды. Сондай-ақ Шардара ауданы бойынша 8650 түп ағаш және 1500 түп гүл егілді. Сарыағаш ауданында жүргізілген тазалық шарасына мекеме қызметкерлері, кәсіпкерлер, аудан тұрғындары мен еріктілер қатысты. Әр мекеме өзіне жүктелген аумақты қоқыстан тазалап, ағаш көшеттерін отырғызды. Сенбілік жұмыстарына 19-дан аса техника жұмылдырылды. Бәйдібек ауданының орталығы - Шаян ауылындағы көше бойлары мен саябақтарға, көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларына 3 мыңнан аса тал көшеті отырғызылды. Жалпы аудандағы барлық ауылдық округтерде көктем мезгілінде 13 түрлі, 13 400-ге жуық тал көшеті отырғызылып жатыр.
Сондай-ақ сенбілікте Қазығұрт, Келес, Кентау, Ордабасы, Мақтаарал, Жетісай тұрғындары да белсенділік танытты. Жалпы шара барысында облыс аумағындағы су арналары ретке келтіріліп, елдімекендердің көше бойлары қоқыстардан тазартылды.
Игі бастама тазалық акциялары одан әрі де жалғасын табып, еліміздің дамуына өз үлесін қосатындығына сенім білдіреміз.