Былтыр күшті спиртті сусындар сатылымы рекордтық көрсеткішке жетті — оны сатып алып жатқандар қазақстандықтар ғана емес, деп Newsroom.kz хабарлайды Energyprom.kz-ке сілтеме жасап.
2022 жылы қазақстандық дүкендерде 139,9 млн литрден астам арақ, коньяк және спирт сатылды. Бұл елдегі күшті алкогольдік өнімдер нарығын статистикалық бақылау тарихындағы абсолютті рекорд. 2021 жылмен салыстырғанда ішкі нарықта осы санаттағы алкоголь өнімдерін сату көлемі 90,4% өсті.
Нарықтағы тұтынудың мұндай ауқымды өсуінде арақ және арақ-ликер өнімдер басты рөл атқарды. Олардың сатылымы физикалық түрде екі еседен астам, яғни 44,2 млн литрден 90,1 млн литрге дейін өсті. Спирт сатылымы да өсті, бірақ салыстырмалы түрде көп емес: 29,3 млн литр (68,1% көбейген). Олар сондай-ақ коньяк сатылымы да көбейді: 20,5 млн литр, 73,5% артқан.
Күшті спирттік ішімдіктер сатылымы көбейгенде басқа алкоголь түрлері айтарлықтай сұранысқа ие болмады. Былтыр шарап 26,9%, шампан — 28%, сыра — 1,9% аз сатылды. Айтпақшы, сатылым жағынан сыра сөзсіз көшбасшы. Былтыр сыра әуесқойларына бөтелкелеп, банкалап және бөшкелеп жалпы көлемі 756,1 млн литр сатып алған.
Қазақстанда алкогольге деген сұраныстың осылай күрт артқанын түсіндіретін бірден-бір фактор — сатып алушылардың, оның үстіне арақ пен коньякты қазақстандықтарға қарағанда көбірек ішетіндердің санының күрт өсуі. Атап айтқанда, Қазақстанға екі толқынмен үдере көшкен ресейліктердің пайда болуы. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының есебіне сәйкес, ресейліктер қазақстандықтарға қарағанда екі есене жуық көп ішеді (жан басына шаққанда).
2022 жылы Қазақстанға ересек, экономикалық белсенді ресейліктер көп келді. Бұған дейін жазғанымыздай, ҚР Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 2022 жылы Қазақстанның мемлекеттік органдарына ЖСН алу мақсатында мемлекеттік қызмет алуға жүгінген Ресей азаматтарының саны 733,7 мыңнан асты. Ал бұл статистикада Қазақстанға үш айдан аз мерзімге келіп, ЖСН алуға, банк картасын ашуға, жұмыс іздеуге әрекеттенбегендер есепке алынбаған.
Алкогольді сусындардың бірде-бір түрі бойынша Қазақстан ішкі нарық қажеттілігін толық өтей алмайды. Шампан өндірушілер ғана ішкі нарықтың көбірек бөлігін жабады. Мерекелік сусын саналатын шампан сатылымының 96,4%-ы ішкі өндіріс болса, тек 3,6%-ы ғана импорт. Сыра қайнатушылар да импортты толық алмастыруға жақын: сатылған сыраның 92,4%-ы отандық өнім, 7,6%-ы импорт.
Арақ-ликер өндірісі де жаман емес. Елімізде сатылған барлық ликер мен арақтың 84,8%-ы отандық өнім болса, 15,2%-ы импорт. Бұл өнім сыртқа да экспортталады, бірақ мардымсыз: бар болғаны 1,9%-ы.
Былтыр алкогольге деген сұраныстың артуы өндірістің де, импорттың да өсуі есебінен қанағаттандырылды. 2022 жылы елде 121,1 млн литр спиртті сусын өндірілді, бұл екі есеге жуық (98,7%) өсім. Сонымен қатар, 2021 жылмен салыстырғанда арақ пен ликер бірден 2,1 есе, ал коньяк 83,7% көп өндірілген. Сыра және шампан өндірісі азайды.
Сұраныс өскендіктен импорт та ұлғайды. Жалпы, былтыр елімізге 33,8 млн литр күшті алкоголь әкелінді (52,5% көбейген). Бұның жартысына жуығы арақ (14 млн литр, 45,4% көбейген).
Тұтынудың орасан зор өсуі және сонымен бірге шарықтаған инфляция аясында спиртті сусындар да күрт қымбаттады. 2022 жылдың қаңтар–желтоқсан айларында орташа есеппен алкоголь өнімдері 14,8% қымбаттады, ал өткен жылдары мұндай тауарлардың тұтыну бағасының индексі 7%–10% аралығында өзгерген.
Ең қатты қымбаттаған алкогольді сусын сыра: 18,9%. Баға өсімі бойынша екінші орында арақ: 13,8% қымбаттады. Олармен салыстырғанда шарап қатты қымбаттамады: 11,6%.
Фото: mixsport.pro