Бұл туралы Бейсен Тәжібаев өзінің Facebook парақшасында мәлімдеді, деп Newsroom.kz тілшісі жазады.
Төменде толық мәтін түпнұсқасы беріліп отыр:
Биыл Қазақстан халқының саны 20 миллионға жеткелі тұр. 2023 жылдың 1 қаңтарындағы мәліметке сай, ел тұрғындары 19 млн 765 мың адамды құраған. Жылына орташа есеппен 268 мыңға көбеюде екенбіз. Әсіресе демографиялық дүмпуге түркістандықтар ерекше екпін қосуда.
Атап айтқанда Түркістан өңірінде өткен жылы 57 мыңнан астам сәби туылған. Бұдан бөлек 27 мыңнан астам адам сырттан көшіп келіпті. Оның ішінде, еліміздің өзге өңірлерінен бөлек, әсіресе ТМД елдерінен келгендердің саны өскен. Нәтижесінде облыс тұрғындарының саны 2 млн 116 мың адамнан асқан. Бұл елімізде Алматы қаласынан кейінгі халқы ең көп өңір - Түркістан екендігін көрсетеді.
Ал облыстың өз ішінен алып қарағанда халық санының 75 пайызын ауыл халқы құрайды. Түркістан қаласы мен Сайрам ауданының тұрғындары әрқайсында 220 мыңнан асты. Сарыағаш пен Жетісай аудандарының халқы да 200 мыңның үстіне шықты. Осы қарқын тоқтамаса, таяу жылдары-ақ түркістандықар 2,5 млн-ға жеткелі тұр. Сондықтан да, кеше ғана 1 мыңыншы мектебі ашылған аймаққа әлі тағы жүзге жуық мектепке сұраныс туғалы отыр.
Жалпы өңірде демографиялық дүмпудің артқаны әрине, қуанышты жәйт. Дегенмен, өзгесін айтпағанның өзінде елді баспанамен және жаңа жұмыс орындарымен қамту жыл өткен сайын өзекті бола түсері анық.
Дәл қазірдің өзінде облыста үй кезегінде тұрғандардың қатары 58 мыңға жетсе, аудан, қала және ауылдарда жеке баспана салу үшін жер телімін алуға өтініш білдірушілер 407 мыңнан асты. Өткен жылы 700 мың шаршы метр үй салынған. Ал жер телімін беру үшін алдымен инфрақұрылым жүйелерін тарту керек. Бұл бағытта жергілікті әкімдіктерге тиісті қаражат көздерін жыл сайын қарастыра отырып, мәселені жүйелі шешу жолдары тапсырылуда.
Сонымен қатар, жерлестерге жұмыс орындары мен баспана беруші Солтүстік өңірлерге көшу жайы да жиі ұсынылып келеді. Былтыр өңірден 2600-дей адам қоныс аударды. Биыл мемлекет тағы да 6800 квота белгіледі. Осы сала бойынша да белсенді жұмыс жүргізу уақыт талабына айналып отыр.
Фото: Facebook/Бейсен Тәжібаев