Соңғы үш жылда Қазақстанда 65 жастан асқан жұмыс істейтін зейнеткерлердің саны 26,6% өсті, деп Newsroom.kz хабарлайды ranking.kz дереккөздеріне сүйене отырып.
2022 жылдың үшінші тоқсанының қорытындысы бойынша Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов сияқты әлі жұмыс істеп жүрген зейнеткерлердің саны 82,7 мың адамды құрады. Бұл жас санатындағы қызметкерлер саны бірден өскен уақыты 2020 жыл еді, ол кезде жұмыс істейтін зейнеткерлер саны бірден 21,7 мыңға — 65,3 мыңнан 87 мың адамға жеткен. 2021-2022 жылдарға көрсеткіш аздап төмендеген, тиісінше 4,4% және 0,6% ғана.
Бұл көрсеткіштер төмендетіліп көрсетілген болуы да мүмкін. ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының өңірлер бойынша мәліметтерін егжей-тегжейлі қарастырған кезде, ресми түрде, БҚО, Түркістан облысы, Астана және Шымкент қалаларында 65 жастан асқан жұмыс істейтін зейнеткерлер жоқ екені белгілі болды.
2022 жылдың үшінші тоқсанының қорытындысы бойынша, 65 жастан асқан жұмыс істейтін зейнеткерлер саны әр өңірде әр қилы. Негізгі үрдіс: осы санаттағы қазақстандықтардың көпшілігі солтүстік және орталық өңірлерде тұрады. Ресми ескерілгендердің жартысына жуығы (49%) Қостанай (20,9 мың адам) және Ақмола (20 мың адам) облыстарында. Сондай-ақ Қарағанды (9,4 мың адам), Павлодар (10,4 мың адам) және Солтүстік Қазақстан (10,8 мың адам) облыстарында да баршылық. Қалған өңірлерде көрсеткіштер айтарлықтай төмен, ал ең аз Қызылорда және Маңғыстау облыстарында көрсеткіш сәйкесінше небәрі 115 адам және 244 адам.
Осы жас санатындағы барлық жұмыс істейтін зейнеткерлердің 75%-дан астамы ауыл, орман және балық шаруашылығында жұмыс істейді (62,4 мың адам). Экономикалық қызметтің барлық басқа түрлерінің көрсеткіштері олармен салыстырғанда аз. 4%-ы қоймаларда немесе жүргізуші болып жұмыс істесе (3,6 мыңнан астам азамат), одан сәл азы — 3 мың адам — дәрігер мен басқа да медицина қызметкерлері. 2019 жылғы «коронадағдарыс» алдындағы уақытпен салыстырғанда зейнетке шыққан дәрігерлердің саны 57,9% өсті.
Құрылыс (2,2 мың) және өнеркәсіп (2,3 мың) сияқты қиын салаларда 65 жастан кейін де жұмыс істеп жатқан азаматтар баршылық. 2022 жылы олардың саны пандемияға дейінгіге қарағанда көбірек болды: тиісінше 3,2% және 37,8%.
Бірақ мемлекеттік органдардағы басшылар мен әлеуметтік қамсыздандыру қызметкерлері, керісінше, кеміді: 2019 жылдың үшінші тоқсанымен салыстырғанда 40,4% азайды. Дегенмен, басқа салалармен салыстырғанда мемлекеттік қызметкерлер арасында зейнеткерлік жастан кейін де жұмыс істеуге дайын адамдар аз болды (немесе бұл өз қалаулары емес, мәжбүрлі зейнетке шығару болуы мүмкін). Өткен жылдың үшінші тоқсанында ондай 268 азамат болған. Олардың ішінде бір өңір әкімі бар. Бұл туралы мына жерден оқи аласыз.
Былтыр елімізде 65 жастан асқан жоғары басшылар, заң шығарушылар мен мемлекеттік қызметшілер саны бар болғаны 58 адам болды. ҚР-да қартайған басшылардың жалпы саны 1,4 мыңнан сәл асады, 2019 жылмен салыстырғанда олардың саны 2,5 есе азайды.
Жасы 65-тен асқан ресми түрде жұмыс істейтін зейнеткерлердің көбі профессор, әкім, ғылым докторы секілді өскелең ұрпаққа білім беретіндер емес. 67,9% немесе 56,1 мың адам жұмыс істейтін зейнеткер біліктілігі жоқ жұмысшылар екені анықталды. Тағы 8,6%-ы ауыл шаруашылық өнімдерін өндіріп, сататын шаруалар.
Фото: baq.kz