Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
13 ақпан, 2023 / NewsRoom / Жаңалықтар

Партиялар мәжіліске қанша кандидат ұсынды?

Партиялар мәжіліске қанша кандидат ұсынды?

Партиялар мәжіліске қанша кандидат ұсынды?
ашық дереккөзі

Өткен аптада 19 наурызда өтетін кезектен тыс Мәжіліс пен жергілікті мәслихаттар депутаттығына кандидаттар ұсыну аяқталды, деп Newsroom.kz хабарлайды.

Еліміздің басты саяси додасына ресми тіркелген барлық партиялар қатысу мүмкіндігіне ие. Ал сайлау барысын одақтық және бірнеше ондаған халықаралық байқаушы жіті қадағаламақ.

8 ақпан күні жергілікті уақытпен сағат 18:00-де барлық өңірде Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарына кандидаттарды ұсыну аяқталды. Ал 9 ақпан күні Орталық сайлау комиссиясы Мәжіліс депутаттығына кандидаттарды ұсыну қорытындысын жария етті. Комиссияға барлық партия партиялық тізім арқылы додаға түсетін канидаттарының тізімін ұсынды.

Тізімде 283 кандидат бар. Оның ішінде партиялық тізім арқылы Қазақстан халық партиясынан - 52, Ақ жол партиясынан - 54, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясынан – 19, «Байтақ» жасылдар партиясынан» - 18, «Ауыл» партиясынан – 25, Respublica партиясынан – 25, AMANAT партиясынан – 90 кандидат. Дәл осы кандидаттар Мәжілістегі 69 мандат үшін тартысқа түседі. Айта кетерлігі, Орталық сайлау комиссиясына кандидаттардың атынан тапсырылған құжаттар «Сайлау туралы» Конституциялық заңға сай келеді.

«Саяси партия партияға мүше болмаған тұлғаны тізімге қосуға құқығы жоқ екендігін еске салғым келеді. Партиялық тізімге қосылған тұлғалар саны саяси партиялар араксында бөлінетін депутаттық мандаттың белгіленген санынан 30 пайызға асып кетпеуі тиіс. Бұл ары кеткенде 90 адам, одан төмен де болады. Партиялар партиялық тізім саны қанша болатындығын дербес анықтады», - деген еді Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров.

Ал Мәжіліс депутаты сайлауында 29 бір мандаттық аумақтық сайлау округі бойынша 609 кандидат ұсынылған. Жалпы республика бойынша әр сайлау округіне орташа бәсекелестік 21 кандидатты құрайды. Ең жоғарғы бәсекелестік Астана қаласының 2 сайлау округінің әрқайсысы бойынша 63 кандидаттан. Ең төменгі көрсеткіш Ұлытау облысының сайлау округі бойынша 6 адам, яғни олар бір мандат үшін күреседі.

Мәжіліс сайлау кезінде саяси партиялардың тізімдерінде «Сайлау туралы» Конституциялық заңға сәйкес әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдар үшін белгіленген 30 пайыздық квота толығымен ескерілген.

Облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және Астанада – 334, аудандарда – 2 130, қалаларда 617 адам мәслихаттардың депутаты болып сайланады. Мандаттардың жалпы саны - 3 081. Кандидаттарды бірмандаттық аумақтық сайлау окургтері бойынша ұсыну қорытындыларына сәйкес, орташа бәсекелестік бір орынға 4,3 кандидатты құрайды.

Барлық деңгейдегі мәслихаттар бойынша 119 партиялық тізім болды. Аталған тізімде 1 471 кандидат бар. Мажоритарлық округтер бойынша мәслихаттарға - 11 844 кандидат. Жалпы Мәжіліс пен мәслихаттар бойынша 14 207 кандидат ұсынылды.

Орталық сайлау комиссиясының кандидаттарды тіркеу рәсімі 18 ақпанға дейін жалғасады. Ал сайлау алды үгіт тіркеу аяқталған күні сағат 18-00-де басталып, 18 наурыз күні сағат 00:00-ге дейін жалғасады. 18 наурыз – тыныштық күні. 19 наурыз – сайлау күні.