Бүгін Орталық сайлау комиссиясы19 наурызда өтетін кезектен тыс Мәжіліс сайлауына тағы 37 шетелдік байқаушыны аккредиттеді, деп Newsroom.kz хабарлайды.
«2023 жылғы 20 қаңтарда халықаралық байқау институты ашылғаннан бері Орталық сайлау комиссиясы 1 шет мемлекеттен, 2 халықаралық ұйымнан 25 байқаушыны ресми тіркеуден өткізді. 2023 жылғы 9 ақпандағы жағдай бойынша комиссияға Сыртқы істер министрлігінен 2 шет мемлекеттен, 1 халықаралық ұйымнан 37 байқаушыны тіркеуден өткізуді ұсынды», - деді Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Мұхтар Ерман комиссия отырысында.
Оның нақтылауынша, Қытай Халық Республикасынан 2 және Нидерланды Корольдігінен 3 байқаушы ұсынылған.
«Сонымен қатар Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының сайлауды байқау жөніндегі миссиясынан 32 байқаушы ұсынылды», - деді ол.
Осыдан кейін Орталық сайлау комиссиясы ұсынылған байқаушыларды тіркеу туралы қаулы қабылдады.