Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжіліс және мәслихат депутаттарын кезектен тыс сайлауын өткізу туралы мәлімдегені белгілі. Саяси дода 19 наурызға белгіленді, деп newsroom.kz хабарлайды.
Жалпы, Мәжіліс пен мәслихат депутаттығына үміткерлерді ұсыну сайлауды тағайындау туралы Жарлық жарияланған күннен басталады. Сөйтіп, 20 күнге созылады. Осылайша, 20 қаңтардан 18 ақпанға дейін жалғасады. Сайлау алдындағы үгіт-насихат 18 ақпан күні сағат 18:00-де басталып, 18 наурыз сағат 00:00-ге дейін созылады. 18 наурыз – «тыныштық күні».
Сайлау күні учаскелерде жергілікті уақыт бойынша сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін азаматтар дауыс бере алады. Бұдан кейін учаскелік сайлау комиссиялары дауыс санауға кірісіп, оның нәтижесі туралы хаттама толтырады. Дода 59 күнге созылмақ.
Сайлау өткізілетіні белгілі болғаннан бастап Орталық сайлау комиссиясы саяси додаға дайындықты бастап кетті. Солардың бірі – электораттың тізімін жасау. Өйткені азаматтар осы арқылы конституциялық дауыс беру құқығын жүзеге асырады. Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петровтың айтуынша, қазіргі таңда елімізде 12 миллионға жуық адам дауыс беруге қатыса алады.
Тізімге азаматтар тұрақты тіркелген жері бойынша қосылады. Бұдан бөлек, дауыс бергісі келетін азаматтарға учаскелеріне өтінім беру мүмкіндігі қарастырылып отыр. Орталық сайлау комиссиясының 2023 жылғы 1 қаңтардағы мәліметке сәйкес, республикада тұрғылықты жері бойынша бөлінген 11 970 406 сайлаушы енген. Түркістан облысында сайлауға қатысу құқығына ие азаматтар саны бойынша бірінші орында тұр (1 177 507 адам). Ал ең азы – Ұлытау облысында тіркелген (138 277 адам).
Фото: Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі