Түркістан облысы, Төлеби ауданының бренді – қымыз. Осы ұлттық сусынымыздың емдік қасиетін насихаттай отырып, робототехниканың мүмкіндіктерін адам игілігіне пайдалану мақсатында Төлеби ауданындағы Ш.Уәлиханов атындағы №2 жалпы орта мектебінің 9-сынып оқушысы Жансұлтан Төребек ұстазы, информатика пәнінің мұғалімі Лаура Жақсыбекованың көмегімен «Асылбек» деп аталатын қымыз құйғыш робот жасады, деп newsroom.kz хабарлайды.
Кез келген адам аталмыш роботқа арнайы пластикалық картаны жақындату арқылы «Асылбекті» сөйлете бастайды. Содан кейін робот қымыздың шипалы қасиеті туралы қысқаша мағлұмат береді. Осыдан соң ғана «Асылбек» ыдысқа шөлді басатын пайдалы сусын құяды.
– Роботтардың түрлеріне, жұмыс істеу принциптеріне қызығушылығым бұрыннан бар болатын. Мұндай робот құрастыру идеясы мектебімізде өткен информатика пәні апталығында ұйымдастырылған роботтар көрмесі кезінде туды. «Асылбек» роботын жасау туралы ойыммен алдымен мұғалімім Лаура апаймен бөлістім. Ол идеямды қолдап, құрастыруда көмектесетінін айтты. Менің роботым оқушылардың робототехникаға деген қызығушылығын арттырумен қатар, емдік қасиетке ие сусын қымыз арқылы жастардың арасында салауатты өмір салтын дәріптейді. Ұлттық сусынымызды насихаттайтын болғандықтан, «Асылбектің» ұлттық киімде болғаны дұрыс деп шештік, – дейді Жансұлтан.
Оның қымыз құйғыш робот жобасы ғылыми жобалар байқауының аудандық және облыстық кезеңдерінде жүлделі болды.
Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі