Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
24 қаңтар, 2023 / NewsRoom / Жаңалықтар

«AMANAT» партиясының депутаты ұлт мүддесін бәрінен жоғары қоятын білікті азамат болуы тиіс – Елнұр Бейсенбаев

«AMANAT» партиясының депутаты ұлт мүддесін бәрінен жоғары қоятын білікті азамат болуы тиіс – Елнұр Бейсенбаев

«AMANAT» партиясының депутаты ұлт мүддесін бәрінен жоғары қоятын білікті азамат болуы тиіс – Елнұр Бейсенбаев
ашық дереккөзі

«AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Елнұр Бейсенбаев Мәжіліс және мәслихат депутаттығына партия атынан ұсынылатын үміткерлерді іріктеу жұмысы басталғанын жариялады. Ол бұл туралы өзінің Facebook желісіндегі парақшасында арнайы жазба жариялады, деп newsroom.kz хабарлайды.

«Кеше Мәжіліс және мәслихат депутаттығына партия атынан ұсынылатын үміткерлерді іріктеу жұмысы басталды. Өздеріңіз білесіздер, ресми тіркелген 7 партияның ішінде тек «AMANAT» партиясының ел аумағындағы әрбір ауданда өз филиалы бар, қазіргі таңда олардың саны – 249. Бұдан бөлек, еліміздің түкпір-түкпіріндегі партияластардың басын біріктіретін 4 мыңға жуық бастауыш ұйымдарымызда 800 мыңнан астам мүшеміз бар. Мәжілістегі 98 депутаттың 69-ы – партиялық тізім арқылы, 29-ы – бір мандатты округтерден сайланады. Ел аумағындағы 223 мәслихатқа барлығы 3415 депутат сайлануы тиіс», - деді Е.Бейсенбаев.

Оның айтуынша, партия Мәжіліс және барлық деңгейдегі мәслихаттарға шынайы бәсеке жағдайында мықты үміткерлерді ұсынады. Сондай-ақ, Атқарушы хатшы «AMANAT» партиясының жаңа құрамдағы депутаты қандай болуы керек екенін айтты. 

«Халықпен тікелей жұмыс істеп, ұлт мүддесін бәрінен жоғары қоятын білікті азамат болуы тиіс. Сондықтан  партияның үміткерлері – қолынан іс келетін, елге қызмет етем дейтін партияластардың арасынан әділ таңдалады», - деді ол.

Қазіргі таңда жер-жердегі бастауыш партия ұйымдары алдағы күндері өтетін партияның аймақтық конференцияларына өз делегаттарын іріктеуді бастап кеткен. Делегаттар конференцияда партия атынан мәслихат сайлауына қатысатын үміткерлер тізімін жасап, бекітеді. Дәл осы тәртіппен облыстық мәслихат депутаттығына үміткерлер тізімі де бекітіледі.

Сонымен қатар, Елнұр Бейсенбаев бір мандатты үміткерлердің және партиялық тізімді жасаудың ашық өтуіне баса назар аударды. Ол кандидаттарды іріктеудегі «AMANAT» партиясының басты ұстанымдарына тоқталды. 

«Өкілеттілік және ашықтық, әділдік және жаңару. Партия үшін ең бастысы, үміткерлер қоғам сұранысына сай, халық талабына жауап беретін азаматтар болуы тиіс. Партиялық тізім арқылы болсын немесе бір мандатты округ арқылы болсын, сайлауға түскісі келетін үміткерлер ең әуелі өз ісінің маманы болуы керек. Қоғамның үні болып, халық мүддесіне жұмыс істеу үшін белгілі бір білім мен тәжірибе керек. Біз әділ іріктеу жасаймыз: хайп іздегендерді емес, халық аманатына адал жұмыс істейтін азаматтарды қолдаймыз. Біз күшімізге сенімдіміз, тартысты бәсекеге тас-түйін дайынбыз»,- деді Атқарушы хатшы.