Бүгін Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында мәдениеттанушы-философ, PhD доктарант Абылайхан Қалназаровтың «ШЫМКЕНТТІҢ ЖҰМСАҚ КҮШІ. Шымкент қаласының брендін тиімді басқару мен имидж-идеологиясын ілгерілету бойынша коммуникативтік стратегия (Талдаулар мен ұсыныстар)» атты тұңғыш қазақша политтехнология кітабының тұсаукесері болып өтті, деп newsroom.kz хабарлайды.
Кітап лентасын «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» РҚБ төрағасы Төлеубек Мұқашев пен белгілі журналист Зейін Әліпбек бірлесе қиды.
Аталмыш аналитикалық-ұсынымдық зерттеу еңбек мемлекет тізгінін ұстаған барлық деңгейдегі басшылар мен идеологтарға нұсқаулық-қойын кітапша ретінде әзірленген.
Қазақстан тарихында осы тақырыпта алғаш рет қолға алынған кітап – 100 дана ғана басылған (әр данасы 25 мың теңге), 5 тарау, 432 беттен тұрады. Теориялық базасы Ұлыбритания үкіметінің кеңесшісі, Еуропа парламентінің депутаты, ағылшын ғалымы Саймон Анхольт концепциясына негізделген жәнеден Шымкент қаласы мысалында Қазақстан қалалары мен өңірлерінің брендін тиімді басқару мен имидж-идеологиясын тұжырымдап, ілгерілету бойынша үлгілік ұсынымдар мен талдаулар жасалған.
«Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» РҚБ төрағасы Төлеубек Мұқашев ел Үкіметіне, аумақтық атқарушы органдарға қоғам тарапынан осындай консультативтік ұсыныстардың көп болғанының пайдасын атап өтті.
«Ел идеологтары әлі ойға да алып үлгермеген тың да актуаль жоба. Бұл еңбек өз мазмұнында үш қабатты қамтыған екен: Біріншісі, брендтік-имидждік, екіншісі, идеологиялық және үшіншісі – ұлттық құндылықтар өрісі. Тап мұндай басқарушылыққа арналған жұмыстар бір оңтүстік өңірі емес, еліміздің әр аймағына лайықталып істелуге тиіс. Олардың жалпы жиынынан елдік ауқымдағы ортақ идеология сомдалып шығады. Абылайхан бауырымыз енді Республика масштабындағы саяси-экономикалық туындысын дүниеге алып келсе нұр үстіне нұр» деді Т.Мұқашев.
Бұл ретте Зейін Әліпбек кітаптың басшылық, билік пен қоғам және БАҚ арақатынасына арналған тұстарының ерекше ұтымды шыққанына тоқталды.
«Контентті бейімдеу және өңірлік-қалалық БАҚ-пен жұмыс істеуге көп орын беріліпті. Бұл аймақтық медиа нарықты дамытудың жалпы әлемдік үрдісі. Себебі жергілікті халыққа түйінді хабарламаларды неғұрлым тиімді жеткізуге мүмкіндік береді. Онда да жергілікті ерекшелікті, халықтың қалауын, проблемалар мен мүдделер, өзгелік дәрежесін, өңірлік немесе байтақтық маңызы бар жаңалықтарды жария етудің жеделдігін ескеру қажет. Жұмсақ күш – соның жұмсақ әдіснамаларын біртіндеп тарқатқан. Бұл «бір» десек, екінші жағынан мұны түсініп оқыған адам кемі бір облыс немесе қаланың идеология жөніндегі орынбасары дәрежесіне дейін өсетін тәрізді. Мемлекеттік қызметте өмір бақи жүріп жинайтын тәжірибе мұнда шебер сипатталып, оп-оңай және түсінікті тілмен беріле салған» деп ойын тұжырды журналист.
«Кітап былтырғы жылдың ақпанында басылып дайын болған еді. Алайда белгілі бір себептермен араға 1 жыл салып, енді ғана таныстырудың реті келіп отыр. Оның сүйегі «үшінші мегаполис» атанған Шымкент қаласының брендін тиімді басқару мен имидж-идеологиясын ілгерілету бойынша коммуникативтік стратегия ретінде тікелей түзілген. Десе де қазақ реалийлерінің жалпыелдік ауқымда ұқсастығына орай Астана, Алматы мен Түркістан ахуалдарын салыстыру арқылы барлық аймаққа тән ішкі проблемаларды көтеріп, тиімді шешімдер ұсынылды» дейді А.Қалназаров.
Сондай-ақ автордың айтуынша, кітаптың басты жаңалығы – Республиканың жаһандық даму контексті аясында Шымкенттің аумақтық брендингі, жергілікті ерекшеліктері мен имиджін, идеологиялық мәнін, тарихнамалық дәстүрлері мен сәйкестілігін анықтау мәселелерін талдай отырып жалпықазақстандық өркениетті елқұру инженериясына қатысты құнды ойлар.
Практикалық жағы – Шымқаладағы жаңа ақпараттық-медиалық түйін-түйткілдермен жұмыстану, ішкі-сыртқы дағдарыстарға қарсы жұмыс, нақты стратегемалар мен идеологемаларды басшылыққа алу бағыттары алғаш рет заманауи PR, менеджмент және soft power – саяси-идеологиялық концепциялар аясында қарастырылғаны. Яғни мемлекетшіл ойлау мен әдістеме тұрғысынан таразыланған барлық ақыл-кеңестер мен ұсынымдар дереу қолданып, іске асыруға жарайды.
Іс-шара ерекше форматта Ұлттық академиялық кітапхананың жаңадан жабдықталған Фариза Оңғарсынова залында Зейін Әліпбектің үйлестіруімен жүргізілді.
Жиын соңында автор презентацияланған кітап даналарын қор базасына енгізу үшін кітапхана директоры Ғазиза Құдайбергенге табыстады.
Айта кетейік, А.Қалназаровтың алдыңғы жылы Ұлттық музейде Тәуелсіздіктің 30 жылдығы және Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдығына арналған «Балуан тас. Балуандар мен күрес өнеріне байланысты аңыз-әфсаналар, қисса-дастандар, ел аузындағы әңгімелер (тарихи деректер)» атты екі томдық кітабының тұсаукесері болып өткен еді. Оның лентасын бүгінгі Оқу-ағарту министрі, сол кездегі Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті Ғани Бейсембаев, Қазақстан барысы Ержан Шынкеев және белгілі зерттеуші-өнертанушы Ерлан Төлеутай қиды.