Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
5 қаңтар, 2023 / NewsRoom / Жаңалықтар

Бейбіт елден береке кетпейді

Бейбіт елден береке кетпейді

Бейбіт елден береке кетпейді
ашық дереккөзі

Бүгін қаңтар оқиғасына байланысты тергеу амалдарының нәтижелерін ашық жариялау мақсатында Мәжіліс қабырғасында арнайы тыңдау өтті.

Жиында Бас прокурор мен құқық қорғау органдары басшылары есеп берді. ҚР Бас прокуроры Берік Асылов қайғылы қаңтарда 5 149 адам жарақатанып, 238 адам қаза тапқанын айтты. Оның ішінде 19 қаза тапқан адам – күштік құрылым қызметкерлері. Қаншама адам баласынан, әкесінен, жарынан, бауырынан айырылды. Бұдан бөлек, 100 млрд теңге көлемінде жалпы шығын келген. Дүние шығыны қайта қалпына келеді, ал адам шығыны қайтарымсыз.

Газдың бағасын төмендетуді сұраған Маңғыстаудағы бейбіт митинг, өзге қалаларда арампиғылды топтардың айтағымен жаппай тәртіпсіздікке, ұрып-тонауға ұласып, еліміздің тұтастығы бұзыла жаздады. Әуежайға, әлеуметтік және кәсіпкерлік нысандарға, күштік құрылымдардың ғимараттарына шабуыл жасалды. Тоналды. Өртенді.

Елдің тұтастығын құртуға әрекеттенген бұзақы топтар бейбіт шеруге шыққан халықты арандатып, бейберекетсіздікке үгіттеді. Әлеуметтік желіде арнайы топтар мен каналдар арқылы жымысқы әрекеттерін жүзеге асырған. Бейбіт шерушілерге қару таратқан. Нәтижесінде бейбіт шерудің барлық талаптары бұзылды. Экстремистік топтардың мүшелері мен бұрын сотты болған азаматтар тәртіпсіздікті ұйымдастыруға араласқан.

Президенттің батыл қадамы арқасында мемлекеттік билікті басып алғысы келген топбасшылары мен қатысушылардың шабуылдары тоқтатылды. Ұсталды. Темір торға тоғытылды. Атап айтқанда, тыйым салынған экстремисттік топтың  25 мүшесі, қылмыстық топтардың 42 мүшесі тұтқындалған. Сондай-ақ, 8 – діни теріс ағым өкілдері бар. Алданған, арбанған азаматтарға кешірім берілді. Босатылды. Рақымшылыққа ілінді. Мемлекет басшысы жариялаған рақымшылық шарасымен 1095 адамнің ісі қысқарды.

Қазақ даналары «Бір күн ұрыс болған үйден қырық күн береке қашады» дейді. Елімізден береке мен бейбітшілік кетпесін. Дұшпанның арбауы мен айдауына жүрген ел – елдігінен айырылады. Отанымыздың тұтастығын сақтау – баршамыздың перзенттік парызымыз. Елімізді енді жаудан, даудан сақтасын. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, халқымыз сабырлы болғай!

Айдар СЕЙДАЗЫМ,

Ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының Түркістан облыстық филиалының төрағасы