Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды әлеуметтік нысандарды елге уақтылы тапсыру, тұрғын үймен, инфрақұрылыммен қамту жұмыстарын күшейтуді тапсырған болатын, деп newsroom.kz хабарлайды.
Осыған орай Қазығұрт ауданында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Қазығұрт ауданы орталығында 2 қабатты 10 пәтерлі 2 тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, ел игілігіне берілді.
Атап айтсақ, баспаналар жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, көп балалы отбасылар, әлеуметтік осал топтағы азаматтар, бюджеттік және мемлекеттік қызметкерлер санаты бойынша кезекте тұрған 20 отбасына тапсырылды. Сондай-ақ осы күні жер кезегінде тұрған 6 қазығұрттық азаматқа жер учаскесінің құжаттары табысталса, аудан орталығында балаларға арналған 3 ойын алаңшасының ашылу салтанаты өтті.
Қазығұрт ауданының әкімі Арман Абдуллаев барша қуаныш иелерін мерекемен құттықтап, жаңа үйдің және балалар алаңшаларының лентасын қию рәсіміне қатысты. Пәтер және жер иелерінің, жалпы аудан тұрғындарының қуанышымен бөлісіп, бұл бағыттағы жұмыстар жалғасатынын жеткізді.
Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі